Түркістан қаласында «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы өтіп жатыр. Ауқымды шараға ел ішінен және шетелден келген инвесторлар, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда. Форум аясында өңірдің қолөнер бұйымдары, туристік нысандары, ауыл шаруашылығы өнімдері және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар таныстырылған көрме ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – аймақтың инвестициялық және туристік әлеуетін ілгерілету, өңір экономикасын әртараптандыру, шетелдік жетекші компаниялармен іскерлік байланыстарды нығайту және өндіріс орындарын көбейту.
Форум шеңберінде «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» атты пленарлық отырыс өтті. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, форумның маңыздылығын атап өтті. «Бүгінгі форум – жаңа бастамалар мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға арналған маңызды алаң. Халықаралық форумға шетелден 200 компания және Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілдері қатысуда. Соңғы 20 жылда Қытайдан тартылған инвестиция көлемі 27 млрд АҚШ долларын құрады. Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм және өзге де салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік мол. Өңірде индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктерде инвесторларға инфрақұрылымы дайын ғимараттар ұсынылады. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын», – деді облыс әкімі.
Жиында «Парыз» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төраға орынбасары Тимур Нақыпбеков модератор болды. Сонымен бірге Шэньси провинциясының шетелдік мемлекеттермен достық қоғамы хатшылығының бастығы Бан Хуэй, Қазақстандағы ҚХР Елшісі Хань Чуньлинь, Сиань қаласындағы ҚР Бас консулы Жошыхан Қыраубаев, «Souths Oil» компаниясының президенті Серікжан Сейтжанов, Бачжоу қалалық халық үкіметінің хатшысы Му Хэжун, кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов және басқа да спикерлер сөз сөйледі. Сондай-ақ Қазақстандағы Халықаралық сауданы ілгерілету Қытай комитетінің (CCPIT) өкілі Лю Юэ, «Қазах Инвест» ҰК» АҚ менеджері Әбдірашид Үсенов, «Қайып Ата» компанияларының бас директоры Сырым Ертаев және «Xinjiang Lihua (Group) Co. Ltd» директоры Суй Дже елдер арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту мәселелерін көтерді.
Форум барысында G2B және B2B форматындағы кездесулер, панельдік сессиялар өтіп, Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды. Шара нәтижесінде Түркістан облысы әкімдігі мен бірқатар шетелдік және отандық компаниялар арасында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде меморандумдарға қол қойылады.
Биыл жыл басынан бері облыс басшылығы мен инвесторлар арасында 90-нан астам кездесу өткізіліп, Қытай, Иран және Өзбекстан елдеріне сапарлар ұйымдастырылды. 2024 жылдың 10 айында негізгі капиталға 1 178,4 млрд теңге инвестиция тартылса, оның 543,5 млн АҚШ доллары шетелдік инвестициялар болды. 2025–2028 жылдарға арналған 111 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылып, олар іске асқанда 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі







