ТҮРКІСТАННЫҢ ТАРИХИ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ӨТКЕНДІ САҚТАУ – КЕЛЕШЕККЕ ЖОЛ
Түркістан – Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы аса шоғырланған өңірлерінің бірі. Сондықтан тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесін Конституциядағы азаматтық міндеттер тұрғысынан қарастыру маңызды.
Жаңа Конституцияның 40-бабында Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндетті екені белгіленген.
Бұл – тек мемлекеттік органдарға қатысты міндет емес. Конституциялық норма тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау ісіне азаматтық жауапкершілік ұғымын да енгізеді.
Түркістан облысындағы нақты жағдай осы норманың маңызын айқын көрсетеді. Ресми дерек бойынша, өңірде 1 792 тарихи-мәдени мұра нысаны есепке алынған. Оның ішінде халықаралық маңызы бар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, республикалық маңызы бар 40 және жергілікті маңызы бар 403 тарихи-мәдени нысан бар.
2025 жылы облыста Сауран археологиялық-сәулеттік кешені, Ежелгі Түркістан қалашығы, Отырар қалашығы, Аппақ Ишан сәулет кешені және Шәмет Ишан мешіт-медресесінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілген. Ал 2026 жылға Созақ ауданындағы Құмкент ауылында орналасқан Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесін реставрациялау жоспарланған.
Сонымен қатар 2026–2028 жылдарға Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерделеу, сақтау және насихаттау бойынша 37 іс-шараны қамтитын жоспар бекітілген. Оның ішінде ғылыми-зерттеу, білім беру, мәдени-ағартушылық және реставрациялық бағыттар бар.
Меніңше, Конституцияның 40-бабындағы норма Түркістан үшін ерекше мазмұнға ие. Өйткені мұнда тарихи мұраны сақтау – тек өткен тарихқа құрмет көрсету емес, келешек ұрпаққа мәдени құндылықтарды жеткізу міндеті ретінде қарастырылады.
Түркістанның тарихи ескерткіштері – өңірдің мәдени капиталы. Оларды сақтау арқылы біз тарихты ғана емес, ұлттық жадыны, ғылыми мұраны және мәдени туризмнің маңызды негізін де сақтаймыз.
Тарихи мұраға ұқыпты қарау – өткенге құрмет пен келешек алдындағы жауапкершіліктің тоғысы.