ТҮРКІСТАНДА «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ – 2026» ӨҢІРЛІК КӨРМЕ-КОНКУРСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

​ТҮРКІСТАНДА «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ – 2026» ӨҢІРЛІК КӨРМЕ-КОНКУРСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістанда отандық өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-конкурсы ұйымдастырылды. Көрмеге Түркістан облысының 200-ден астам тауар өндірушісі қатысып отыр. Көпшілік назарына азық-түлік, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі, жиһаз, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы өнімдері, қолөнер бұйымдары, сондай-ақ заманауи технологиялық өнімдер мен өндірістік жабдықтар ұсынылды.

Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев, «Атамекен» ҰКП Төралқа мүшесі, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, кәсіпкерлер, өндіріс орындарының басшылары және іскерлік қауымдастық өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында өңірде өндірілетін өнімдердің сапасы, кәсіпкерлердің өндірістік әлеуеті және жергілікті тауарларды жаңа нарықтарға шығару мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңір экономикасындағы өндіріс пен кәсіпкерліктің маңызына тоқталып, жергілікті тауар өндірушілердің еңбегін ерекше атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда жасалған» (Made in Kazakhstan) таңбасы нарықтағы сапа мен бәсекеге қабілеттіліктің шынайы белгісіне айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. Бұл – отандық өндірісті күшейтіп, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталған маңызды міндет. Бұл міндетті іске асыру аясында, Үкіметтің тікелей қолдауымен елімізде отандық өндірісті жаңғыртуға, шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілуде. Осындай жүйелі қолдаудың арқасында киелі Түркістан өңірі де серпінді даму жолына түсті. Қазіргі уақытта, облыста 200 мыңға жуық орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері бар. Аталған кәсіпкерлер 2026 жылдың 8 айында 1,2 трлн теңгеге өнім өндірді. Бұл өңірдегі жаңа өндірістер ашып, шикізатты терең өңдеуге бағытталған жұмыстардың нәтижесі деп білемін. Облысының экспорттық әлеуеті де жыл сайын артып келеді. 2026 жылдың бірінші жартысында облыстың сыртқы сауда айналымы 2,3 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 611 млн АҚШ долларына немесе 36,2%-ға өсті. Экспорт көлемі 323,4 млн АҚШ долларына немесе 36,5%-ға артып, 1,2 млрд АҚШ долларына жетті. Біз облысқа импортталатын тауарларға талдау жасап, өзіміздегі шикізатпен ұштастыра отырып, басым бағыттарды белгіледік. Соның негізінде көкөністерді терең өңдеу, балалар тағамы, томат пастасы, сүт өнімдері сияқты жобалар бойынша 40 инвестициялық ұсыныстар әзірленді. Сондай-ақ экономиканың әр түрлі салаларындағы отандық тауар өндірушілердің 400-ден астам өндірілетін өнімдерін қамтитын каталогын жасадық. Бұл – жергілікті өнімнің мүмкіндігін кеңінен танытып, шикізаттан дайын өнімге дейінгі өндірістік тізбекті қалыптастыруға бағытталған нақты қадам. Түркістан – елімізде мақта өсіретін бірден-бір өңір болғандықтан, біз оны тек шикізат ретінде сатпай, оны егістіктен бастап дайын мата мен тоқыма өніміне дейін толық өңдеуге басымдық беріп отырмыз. Аталған бағытта «Kazakhstan Lihua» ЖШС тоқыма кластерін құру жобасын іске асыруда. Жоба іске толық қосылғаннан кейін, мақта өнімін қосылған құн тауарларын шығаруды 2-3 есеге арттыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге де ерекше мән берудеміз. Мәселен, Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» зауытының жобасы жүзеге асырылуда. Зауыт жүгеріні терең өңдеу арқылы 26 өнім түрі шығарады. Сондай-ақ заманауи ет комбинаты, алкогольсіз сусындар өндіретін жаңа кәсіпорын, ауыл шаруашылығына арналған дрондар шығару зауыты, өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығару зауыты, еден жабындарын өндіру зауыты сияқты жобалар өңірімізде іске қосылды. Сіздердің әрқайсыңыздың жетістіктеріңіз – Түркістан облысының ғана емес, бүкіл еліміздің ортақ жетістігі. Отандық өндірісті өркендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, ел экономикасының дамуына серпін беріп жүрген барша кәсіпкерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Еліміздің экономикасы қуатты, отандық өндіріс өркенді болсын! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Салтанатты іс-шара барасында «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Нықтарақ айтқанда, «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша Төлеби ауданындағы «Балмұздақ» ЖШС, Түркістан қаласындағы «Идеал Туркестан» ЖШС  және Сауран ауданындағы «Divalux» ЖШС үздік аталды. «Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар» номинациясын Созақ ауданындағы уран және торий кендерін өндірумен айналысатын «Ақбастау» Бірлескен Кәсіпорны» АҚ, Ордабасыдағы «Ордабасы құс» ЖШС, Мақааралдағы «Zhanassyl» ЖШС иеленді. Ал, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясын Сарыағаш ауданындағы «Алекс» ЖШС, Түркістан қаласындағы «Асыл-LTD» ЖШС және «Әлихан-Ата» ЖК жеңіп алды.

Экспорт бағыты бойынша 3 кәсіпорын және өңірлік номинациялар бойынша 15 жеңімпаз марапатталды.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев отандық өндірушілерді қолдау мен олардың өнімін нарыққа шығарудың маңызын атап өтті.

– Кәсіпкер үшін өнім өндіру – жұмыстың бір бөлігі ғана. Ең маңыздысы – сапалы тауарды нарыққа шығару, тұрақты сатып алушы табу және жаңа өткізу арналарына жол ашу. Бүгінгі көрме осы мүмкіндіктерді бір алаңда тоғыстырып отыр. Түркістан облысында өндірістік әлеует те, кәсіпкерлік белсенділік те жоғары. Ендігі міндет – осы әлеуетті нақты нарықтық нәтижеге айналдыру, жергілікті өнімнің сауда желілеріне және экспорттық нарықтарға шығуын кеңейту, – деді Қанат Шарлапаев.

Іс-шараның басты ерекшелігі – оның тек көрме форматымен шектелмеуі. Кәсіпкерлер үшін сауда желілерімен, дистрибьюторлармен, қаржы және логистика ұйымдарымен, инвесторлармен және шетелдік серіктестермен іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік беретін алаң қалыптастырылған.

Көрме аясында «MADE IN TURKISTAN: EXPORT FORUM 2026» экспорттық форумы өтеді. Форум барысында отандық өнімді экспортқа шығару, қаржыландыру, халықаралық стандарттар мен сертификаттау, логистика, сауда желілері мен маркетплейстерге шығу мәселелері талқыланады. Кәсіпкерлер Қазақстанның сауда желілерімен, гипермаркеттермен, көтерме сауда компанияларымен, дистрибьюторлармен, маркетплейстермен және басқа да әлеуетті сатып алушылармен B2B форматында тікелей келіссөздер жүргізеді. Сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Қытайдан келген шетелдік серіктестермен іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік қарастырылған.

Осылайша, «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-конкурсы Түркістан облысының өндірістік әлеуетін таныстырып қана қоймай, жергілікті тауар өндірушілерді жаңа сатып алушылармен, серіктестермен және экспорттық нарықтармен байланыстыратын іскерлік алаңға айналды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *