Наурыз – қазақ халқы үшін тек жаңа жылды емес, ұлттық жаңғыру мен рухани тазарудың нышанын білдіретін көне әрі киелі мейрам. Осыған орай жыл сайын елімізде бұл мереке кең көлемде аталып өтеді. Солардың бірі – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай өткізілген іс-шара.
2025 жылдың Наурыз мерекесі аясында Шардара аудандық мәдениет үйіне қарасты Сүткент ауылдық округі мәдениет үйінде ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту және халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында мазмұнды мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Шара барысында мәдениет қызметкерлері халқымыздың тәрбиелік мәні зор «Тұсау кесер» салтын сахналық қойылым арқылы көрсетті.
«Тұсау кесер» – қазақтың бала тәрбиесіне қатысты көне ғұрыптарының бірі. Бұл салт – сәби алғаш қадам басқан сәтте оның жолы ашық, болашағы жарқын болсын деген ниетпен орындалады. Баланың аяғына ала жіп байлап, елге сыйлы, өнегелі адам тұсауын кеседі. Мұның астарында терең философиялық, психологиялық, әрі тәрбиелік мән жатыр. Яғни бұл ғұрып арқылы ата-ана баласына өмір жолындағы алғашқы тілек-тілегін арнайды.
Зерттеушілердің пайымдауынша, қазақтың салт-дәстүрлері – тек тұрмыстық рәсімдер ғана емес, сонымен қатар ұлттың мәдени-әлеуметтік құрылымын бейнелейтін рухани код. Әрбір дәстүр – ұрпаққа берілетін тәрбие мектебі, әлеуметтік қатынас жүйесі. Салт-дәстүрлер ғасырлар бойы ата-бабадан мирас болып келе жатқан өмірлік ұстанымдар мен құндылықтар жүйесінің жиынтығы болып табылады.
Сондықтан осындай мәдени шаралар арқылы жастар мен көпшілік қауымның ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Іс-шара барысында көрермендер қазақ халқының ежелгі дәстүрін жаңаша форматта тамашалап, ұлттық тәрбиенің мәніне терең үңілуге мүмкіндік алды.
Жаңару мен жасампаздықтың, ырыс пен берекенің бастауы – әз Наурыз мерекесі баршаңызға құтты болсын! Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, ұрпақ санасына сіңе берсін!