Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов Шардара ауданына жұмыс сапарымен келіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өткізді. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, полиция қызметкерлері, колледж басшылары және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Жиында «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасы аясында балалар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу, түнгі уақытта ата-анасының ертуінсіз тұрғын жайдан тыс жүруге тыйым салу, ойынханалар мен қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, әлімжеттік пен зорлық-зомбылықтың, ерте жүктіліктің және өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу мәселелері талқыланды.
Дәулет Тлемисов өз сөзінде баланың өмірі мен денсаулығын қорғау – қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. «Бейбіт елде әр бала бақытты болуға, қауіпсіз ортада өсіп, дамуға құқылы. Бүгінгі жиын – осы мақсатқа жетудегі маңызды қадам. Ата-аналар мен ұстаздар бала болашағына деген жауапкершілігін арттыруы тиіс», – деді ол.
Жиын барысында аудандық полиция бөлімінің деректері ұсынылып, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық себептері мен тәуекел факторлары қаралды. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлардың көпшілігі ата-аналық бақылаудың жеткіліксіздігінен, бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауынан және интернет пен әлеуметтік желілердің теріс ықпалынан туындайды.
Мектеп директорлары мен психолог мамандар өз тарапынан профилактикалық шараларды күшейту, оқушылармен жеке әңгімелер жүргізу, тәрбие сағаттарын жүйелі өткізу және ата-аналармен кері байланысты нығайту жөнінде ұсыныстар айтты. Психологтар жасөспірімдердің эмоционалды жағдайын тұрақтандыру, мектеп пен отбасы арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру бағытында бірлескен жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.
Қоғамдық ұйым өкілдері ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаға немқұрайлы қарау фактілерін болдырмауға бағытталған ақпараттық шараларды күшейтуді ұсынды. Сонымен қатар, әлеуметтік осал отбасыларға қолдау көрсету және кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды екені айтылды.
Жиын қорытындысында мектеп басшыларына, ювеналды полиция инспекторларына және психологтарға оқушылармен жұмысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Әрбір оқу орнында қауіпсіздік талаптарының сақталуы, интернеттегі мінез-құлық мәдениетін түсіндіру, балалардың бос уақытын пайдалы өткізуге жағдай жасау міндеттелді.
Түркістан облысы прокурорының орынбасары берілген тапсырмалардың орындалу барысы бір ай ішінде қайта қаралатынын және нақты нәтижелер зерделенетінін жеткізді. Ол баланың қауіпсіз өмір сүруі – тек құқық қорғау органдары мен мектептердің ғана емес, барша қоғамның ортақ ісі екенін ерекше атап өтті.
Қазіргі таңда өңірде «Қауіпсіз мектеп», «Жасөспірім және заң», «Отбасы мен мектеп ынтымақтастығы» сияқты жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалар балалардың құқықтық мәдениетін арттыруға, олардың психологиялық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жиын соңында қатысушылар қоғамдағы әрбір баланың тағдырына бейжай қарамау қажеттігін, ата-ана мен ұстаздың, қоғам мен мемлекеттің бірлескен әрекеті ғана қауіпсіз және бақытты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашатынын атап өтті.







