Еуроодақ басшылары Ресейге қарсы жаңа санкциялар туралы келісімге келді. Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен Украинаға басып кіру Еуропадағы бейбітшілік тәртібіне күмән келтіретінін мәлімдеді. Еуроодақ Кремльді өз әрекеттері үшін жауапқа тартылатынын жеткізіп, санкциялар ресейлік элитаға барынша әсер ететінін айтты. Батыс одақтастарымен бірлесіп әзірленген пакет ресейлік банк нарығының 70% және негізгі мемлекеттік компанияларды, соның ішінде қорғаныс компанияларын нысанаға алуды қамтиды. Салдарынан Ресейге 1 күнде 39 млрд. доллар шығын келген.
Урсула фон дер Ляйен — Еуропалық комиссия төрағасы:
«Еуроодақ біртұтас. Еуропалық көшбасшылар бүгін түнде қатыгез және себепсіз шабуылдарды айыптауда толықтай бірігіп отыр. Енді біз Кремльді жауапқа тартамыз. Еуропалық көшбасшылардың бүгін кешке мақұлдаған ауқымды және мақсатты санкциялар пакеті мұның Ресей экономикасы мен саяси элитасына барынша әсер ететінін айқын көрсетеді»
Ал Қытай билігі қалыптасқан жағдайға АҚШ-ты кінәлауда. Олар мұндайда бейтараптық таныту қажет деп есептейді. Бейжің Ресеймен де, Украинамен де «қалыпты сауда-саттық жүргізетінін» айтты.
Хуа Чуньин — Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
«Бұл мәселеде Қытай тәжірибесі Америка Құрама Штаттарының тәжірибесінен түбегейлі ерекшеленеді. Біз қақтығыс қаупін көргенде басқа тараптарға қару бермейміз және Украинаға АҚШ сияқты көптеген әскери қондырғылар мен құрал-жабдықтарды бермейміз. Біз мұны жасамас едік. Менің ойымша, Ресей қабілетті ірі держава ретінде Қытайдан немесе басқа елдерден мұндай қолдауды қажет етпейді».