Бүкіл әлем көз тіккен Украинада нағыз дүрбелең басталды. Ел азаматтары бүгін бомбаның дүмпуінен оянды. Таңнан бері жалғасып жатқан қырғи-қабақ соғыстың кесірінен екі жақтың да ондаған әскери қызметкерлері көз жұмды. Тіптен бейбіт тұрғындар да зардап шеккен. Арасында кәмелет жасына толмағандар да бар.
Ресей мен Украина арасында қырғи қабақ соғыс басталып кетті. Украина билігінің мәліметінше Ресей әскері Харьков облысының аумағындағы шекарадан 5 шақырымдай асып өткен. Дегенмен, елдің қарулы күштері айтарлықтай тойтарыс беріп жатыр екен. Қақтығыс салдарынан ұлы державаның 50 шақты әскери қызметкері қаза тапқан. Тағы 6 ұшақты атып түсірген. Осыны айтып майдандағы Украина әскерилері үндеу жолдауда.
Украина тарапынан да адам шығыны айтарлықтай. Ел Президентінің кеңесшісі 40 сарбаздың қаза тапқанын растады. Тіптен бомбалар қарапайым тұрғындар қоныстанған көпқабатты үйлерді де зақымдаған. Салдарынан бейбіт халық та зардап шегуде.
Соғыс отының тұтануына дәл осы түнде Ресей президенті қабылдаған шешімі себеп болған еді.
Владимир Путин- Ресей федерациясының президенті:
«БҰҰ жарғысының 51-бабына сәйкес, федерация кеңесінің рұқсатымен арнайы әскери операция жүргізу туралы шешім қабылдадым. Оның мақсаты – сегіз жыл бойы Киев қорлық көрсетіп, геноцид жасап келген адамдарды қорғау. Бұл үшін біз Украинаны демилитаризация жасауға талпынамыз, оған қоса бейбіт тұрғындарға, Ресей федерациясы азаматтарына да қарсы көптеген қанды қылмыс жасағандарды сотқа тартамыз».
Украинада қазір соғыс режимі енгізілді. Ресей басқыншылығына байланысты резервтегі азаматтарды әскер қатарына шақыру жалғасып жатыр. Оларға қару таратылуда.
Владимир Зеленский — Украина президенті:
«Ресей халқына ел басшысы емес, Украина азаматы ретінде үндеу жасағым келеді. Бізді 2 мыңнан астам шақырым ортақ шекара бөліп тұр. Ол жерде қазір сіздердің 200 мыңдай сарбаз бен мыңдаған әскери техника тұр. Ал сіздердің Президенттеріңіз басқа елдің жеріне басып кіруді қолдап отыр. Бұл Еуропадағы үлкен соғыстың бастамасы болуы мүмкін. Бұл қырғынды тек сіздер, яғни халық ғана тоқтата алады».
Ал, БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Мәскеуді Украинаға агрессия жасауын доғаруға шақырды.
Антониу Гутерриш — БҰҰ бас хатшысы:
«Президент Путин, Адамзат үшін Еуропада соғыстың басталуына жол берме, бұл ғасыр басталғалы бергі ең ауыр соғыс болайын деп тұр. Украинадағы қақтығыс ушықса, әлем көптеген жылдар бойы болмаған зорлық-зомбылыққа куә болуы мүмкін. Ақылға жүгініп, жанжалға қарсы тұратын кез келді. Украина халқын соғыс өртінен аман алып қалу үшін оқ атуды тоқтатып, диалогқа көшуіміз керек».
АҚШ Президенті Джо Байдан Үлкен жетілік мемлекеттері басшыларының басын қоспақшы. Тиісінше, Ресейге тойтарыс берудің амал-қарекеттерін қарастырмақ. Ұлыбритания да бұрын-соңды болмаған санкцияларды салуға әзірлігін жеткізді.