Мәжіліс қабырғасындағылар азық-түлік бағасына әлі де алаңдаулы. Тіпті осы орайда олар арнайы бағаны реттейтін меморган бекітуді де ұсынды. Депутат Ғалым Әміреев осы мәселеге қатысты депутаттық сауалын Роман Склярға жолдады.
Тұрақтандыру қорларын қаржыландыру ұлғайғанымен, әзірге нәтиже көңіл көншітпей тұр. Халықтан басқа азық-түліктің қымбаттауынан хабар беретін ешкім жоқ деп депутат дүрлікті. Бұл сауалға бірде-бір ведомство бағаны болжаумен айналыспайды деген жауап алған. Олқылықтың алдын алу үшін үкіметтен агроөнеркәсіптік кешеннің болжамдық-талдамалық орталығын құру мүмкіндігін қарастыруды сұрады
Ғалым Әміреев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Сауалға алынған жауап бізді қанағаттандырмады және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына байланысты жағдай жылдан жылға қайталанып келеді. Бұл проблеманың алдын алып, шешуге де болады екен. Осыған байланысты, біздің ойымызша, бірден-бір шығу жолы ел ішінде де, шетелде де ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын болжау бойынша жүйелі жұмыс жүргізу. Бізге кемінде жарты жыл-бір жылға арналған баға болжамы қажет, сонда ғана біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тізгіндей аламыз».
Сапасыз интернет үшін айыппұл он есеге артады. Енді Мәжіліс заңды қарауға кірісті. Заң жобасы мемлекет басшысының тапсырмасы аясында депутаттар тобымен әзірленген. Құжатта сапасыз интернет үшін байланыс операторларына айыппұл салу шарасы қарастырылған. Негізгі мақсат – интернетті барынша қолжетімді ету. Еліміз әлемдегі мобильді интернет бағасы ең төмен елдердің үштігіне кіреді. Десе де, сапасы көтермей отыр.
Арман Қожахметов, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы:
«Заң жобасымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабының бірінші бөлігінде ірі кәсіпкерлік субъектілер үшін заңнамада белгіленген техникалық параметрлерге сәйкес келмейтін байланыс және интернетке жол жеткізу қызметтері үшін айыппұл мөлшерін ұлғайту арқылы байланыс операторларының жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Заң жобасы халықтың сапалы байланыс пен интернет алу құқығын қорғауды көздейді».