Тәуелсіздік археология саласын қайта түлетті. Оның бір көрінісі – 1996 жылы «Түркістан» экспедициясының құрылуы еді. Зерттеушілерге басшылық еткен белгілі ғалымдар Ерболат Смағұлов пен Марат Тұяқбаевтар рухани астананың тарихын қайта жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Қысқа мерзімнің ішінде Түркістанның маңайындағы 50-ден астам қала мен қоныстың зерделенуі сөзімізді қуаттайды. Толығырақ алдағы бейнематериалда.
Алғаш 20 жасында Отырар қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарына араласқан Марат Тұяқбаев – бүгінде 70-ке таяған еліміздің белді археологтардың бірі. Осы жылдар аралағында ол Түркістан өңіріндегі 56 қала мен қонысты зерттеген. Оның 30-дан астамы – жаңадан ашылған тарихи орын.
Марат Тұяқбаев, археолог:
«Қалалар ең көп орналасқан жер – осы біздің оңтүстік. Басқа жерлерде саусақпен санарлық. Мысалы Ибн Фадланың айтқаны бар: Саураннан шыққан мысық Сайрамға дейін дуалдың үстімен жүріп барады деп. Қалалар өте тығыз орналасқан. Бір қаладан шықсаң, екінші қала көрініп тұрады».
Қарт архелог Тәуелсіздік саланың екінші тынысын ашты дейді. Мемлекет тарапынан қаржыландыру да бір жолға қойылған. Көлемі де артқан. Мәселен, бір мезетте 24 гектар алқапта қазба жұмыстарын жүргіземіз деп бұрын соңды ойламадық дейді археолог.
Стендап: Қасым Хабибуллаұлы, тілші:
«Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің іргесінде бұл тарихи нысан – XII-XIII ғғ. тұрғын үйлер. Нақ осы кезеңде Оңтүстік Қазақстан өңірінде бірнеше бөлмелі үйлер пайда болған. Археологтар осы қалашықта 10-15 мыңға дейін адам тұрған деп болжайды. Бұл шаһардың уақытында ірі мегаполис болғандығын айғақтайды».
2021 жыл археологтар үшін жемісті болды. Күлтөбе қалашығындла жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Түркістанның тамыры 3000 жылдан әріде жатқандығы дәлелденді.
Марат Тұяқбаев, археолог:
«Бұрын Түркістан ауданындағы қалаларды бірінші ғасырда құрылыс болған, бесінші ғасырдан бастап қана қалаға айналған деген ғылыми наным-сенім болған. Бұл – Өзбекстан ғалымдарының берген пікірі. Біздің ғалымдар да соны қайталай беретін. Ал, біздің зерттеулер нәтижесінде б.д.д. V ғасырда пайда болған қалалардың өзі 10 болып шықты».
2004-2014 жж. жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы да археологиялық жұмыстарға жаңаша қарқын берді. Нәтижесінде, Сауран қаласының қақпасы, Түркістанның төрт кіреберісі қалпына келтірілген.