Күні кеше, 23 қазанда «Аңсаған сәби» Президенттік бағдарламасы бойынша тұңғыш сәби дүниеге келді. Ерлі-зайыптылардың 7 жыл күткен бақытына қол жеткізуіне «Экомед-Шымкент» клиникасы себепкер болған. Бүгін аталған емхананың ең үздік мамандары ашылғанына бір жыл толған «Экомед-Түркістан» емханасында кеңес өткізді. Толығырақ тілші материалында.
Дәрігер-репродуктолог Мира Нұрашеваның осы салада жүргеніне он шақты жылдың жүзі болған. Содан бері мыңдаған жұптың бесік тербетуіне ұйытқы болған ол бүгін білікті мамандар қатарында «Экомед-Түркістан» клиникасына арнайы ат басын бұрды. Көне шаһар тұрғындарын тексеруден өткізу барысында ол бедеуліктің бірнеше себебін атап көрсетті.
Мира Нұрашева, дәрігер-репродуктолог:
«Оған ең бірінші себеп – өмір сүру салты, дұрыс тамақтанбау, соған байланысты гормоналдық, зат алмасу бұзылыстары. Сондай-ақ жыныс жолдары арқылы берілетін инфекциялар мен содан шығатын ер бедеуліктері, әйел адамдарда болатын жатыр түтікшелерінің бітелуі сияқты диагноздар бедеулікке әкеледі. Осындай жағдайда мемлекет оларға көмек бере алады. «Экомед» емханасының Түркістан облыстық филиалы биыл 480 квота алдық. Жақында 7 жыл бала сүйе алмаған ерлі-зайыптылар біздің клиникада «Аңсаған сәби бойынша» балалы болды».
Өкінішке орай, соңғы жылдары дүниежүзінде, соның ішінде Қазақстанда да бедеу отбасылар саны көбейген. Шамамен әр бесінші жұп біріншілік немесе екінші мәрте бала көтере алмайтын жағдайға жеткен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Аңсаған сәби» сынды бағдарлама бастап, оған жылына 7000 квота бөлуі – осының айғағы.
Жадыра Түзелбекова, «Экомед-Түркістан» клиникасының администраторы:
«Аңсаған сәби бағдарламасы бойынша Түркістан облысынан көптеген пациенттер келді. Шамамен 10-150 адамға біз ЭКҰ квота бойынша жолдама бердік. 10-15 жыл сәби сүйе алмаған жұбайлар осы бағдарламаның арқасында жүктілікке қол жеткізді. Алды балалы болып жатыр, өздеріңіз көріп жатырсыздар. Олардың қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес»
«Қолымды мезгілінен кеш сермедім». Өкінішке орай, ЭКҰ-ға көп қыз-келіншектер осы себептен, яғни, уақытын өткізіп алғаннан іліге алмай қалатын. Дәрігер-репродуктолог осы ретте мұндай әйелдерге сүйінші хабар жеткізді.
Мира Нұрашева, дәрігер-репродуктолог:
«Жалпы шарттарына байланысты №272 бұйрық биыл 28 маусымда жаңартылды. Соған сәйкес, ЭКҰ-ға қойылатын талаптар да біршама кеңейтілді. Бұрын бағдарламаға ілігу үшін әйелдің жасы 42-ден аспауы керек болса, 49 жасқа дейінгі ұрпақ сүюге қабілетті әйелдердің «Аңсаған сәби» арқылы сәби сүюге мүмкіндіктері бар»
Айта кетейік, алғаш профессор Байқошқарова Салтанат Берденқызының тікелей ұйытқы болуымен негізі қаланған ЭКҰ әдісі арқылы осы 25 жылда елімізде 25 мың бала жарық дүние есігін ашқан! Елімізде ең алғаш осы клиника зертханасында түтікше арқылы пайда болған сәби биыл 31 шілде күні 25 жасқа толды.