Түркістан қаласы №1 ықшамаудан тұрғындары бір аптадан бері жарықсыз отыр. 33 жыл бұрын пайдалануға берілген көпқабатты үй жертөлесіндегі электр желісінің тозығы жеткен. Сондықтан жарық жалп етіп өшеді де қалады дейді тұрғындар. Тұрғын үй – жекеменшік. Алайда ай сайын коммуналдық шығындарды төлеп отырғанын айтқан олар 33 жыл бойы жалбырап тұрған электр сымдарын ретке келтіріп, құбырды ауыстырып беруін сұрайды.
«Мына суықта күніміз тоқпешке қарап тұрғанда, енді оны пайдаланатын жарық та жоқ», – деген Ділдәгүл Қашқынбаеваның бұл пәтерде тұрып жатқанына 33 жыл болған. Содан бері электр сымдары жинақталған жүйенің әбден тозығы жеткен. Жертөледе тіпті аяқ алып жүре алмаймыз дейді. Себебі, сымдардың сау тамтығы жоқ. Үзіліп тұр. Қала берді 33 жыл бойы жұмыс істеп тұрған су құбыры да осы желінің үстінен өтеді. Шіріп ауыстыруға сұранып тұрған құбыр да жарылып, электр сымдарын мүлдем істен шығарып тастаған. Сол себепті, күніміз майшамға қарап тұр дейді ол.
Ділдәгүл Қашқынбаева, қала тұрғыны:
«Жертөледегі құбырдың бәрі тесік. Су кетіп, жарығымыз өшті. 3 күн жарық болмай, қосылғанда мұздатқыш, телдидарымыз күйіп кетті. Мемлекттен ақша бөлініп жатыр ғой. Сол ақшаға кабелдерімзді жөндеп берсін»
Бір аптадан бері жарыққа зәру болған тұрғындардың сөзі бойынша жылда осы мәселе шешілмейді екен. Жекеменшік тұрғын үй болған күнде де коммуналдық шығындары ақысын төлегендіктен мұны тиісті мекеме өздері жөндеп беру керек дейді олар.
Дана Ысқақова, қала тұрғыны:
«Мына электр қалқаны негізінде жабық тұру керек. Бұлай ашық тұрмауы керек. Мына жерден кетіп жатқан судың себебінен қайта-қайта өшіп жатыр»
Тұрғындар ай сайын келіп табалдырығын тоздырған тұрғын үй коммуналдық шарушалығына біз де келдік. Мұндағылар да жарықтың болмауын тозығы жеткен электр сымдарының бұзылуымен байланыстырады. Ал оны жөндеу құзіретімізге кірмейді деген олар, кейіннен мердігер мекемемен келісіп барлығын жөндеуге уәде берді.
Әзімхан Омаров, қалалық ТҮКШ басшысы:
«Кеше жарық өшкен кезде мамандары барып анықтаған еді. Кабельдедің тозығы жетіп, жарамай қалған. Ескі үй ғой, тіпті сметада жоқ. Бірақ мердігермен келісіп жатырмыз. Бүгін қажет сым мен материалдарын алып береді. Жөндеп беретін болды»
Ертеңге дейін мердігерлер жалбыраған сымдарды ауыстырып үлгеретіндерін айтады. Сосын жарық та жанады сендірді жауапты мекеме.