300-ден астам түркістандық Ай мен Күннің аманында алаяққа алданып қалды. Белгілі компанияның атын жамылған біреу жұмыс тауып беруге уәде берген. Алдаудың тың тәсіліне көшкен айлакер тіпті күмән тудырмас үшін азаматтардан медициналық анықтама, сотталмағандығы туралы анықтама сұратқан.
Бізге шағымданған мына азамат — Ұлықбек Мәдіхан есімді алаяққа алдаған сол көпшіліктің бірі. Атын жарияламауды өтінген ол жағдайдың қалай болғанын былай жеткізді:
«Ақша алған адамдардың аты-жөнін журналға тізіп отырды. Тіпті жұмысқа қажет деген желеумен жеке құжаттарымызды да алды. Алайда ақыр аяғында ақшамызды алып, қашып кетті».
Ал бұл жігіт ағасы «жұмысқа орналастырып беремін» деген азаматты қаладағы сауда орталықтарының бірінде кездестірген. Баласы екі қолға бір күрек таба алмай жүргендіктен, алдынан тілегені шыға келгеніне қуанып кеткен ол әлгіге еш күмәнсіз 100 мың теңгесін тап сол жерде санап берген.
«Тұрғылықты мекенжай мен сотталмаған деген анықтама қағаздарын әкеліп бересің. Содан кейін өзіміз хабар береміз, шақырамыз» деген олар әйтсе де со бойы не хат жоқ, не хабар жоқ ұшты-күйлі жоғалды», – дейді жәбірленуші.
Жалпы, мұндай алаяқтыққа қатысты қылмыс облыста жыл сайын көбеймесе, азаяр түрі жоқ. барады. Ресми статистика бойынша былтыр 780 оқиға орын алса, биыл 1122 дерек тіркелген.
Жамбыл Жандаров, облыстық криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:
«Алаяқтық қылмыстар жылдан жылға өсіп барады. Тұрғындардан ақша мен мүлікті қайтарымсыз мақсатында алғандар әсіресе осылай жұмысқа тұрғызу, банктен жылжитын, жылжымайтын мүлік әперу немесе сатып беруді алға тартқан».
Түйін: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осындай оқиғалардың алдын алу үшін қаржы пирамидасының белгілері бар ұйымдар тізімін жариялады. Бұл тізімге 56 ұйым енген. Одан өзге, 65 заңсыз инвестициялық делдал бар. Аталған агенттікке жыл басынан бері осындай күмәнді компаниялардың қызметі бойынша 125 өтініш түскен.