Елімізде 95 пайыз егін жинап алынды. Қамба астыққа толды. Үкімет отырысында Асқар Маминнің өзі осылай сүйінші сұрады. Сұрайтындай жөні бар, себебі биыл әлемде бидай бітік шықпай, өнім азайған. Мәселен, Канадада бидай жинау былтырғы жылмен салыстырғанда 34,5%-ға, Ресейде 15%-ға, АҚШ-та 7%-ға төмендеген. Бұған ауа райының қолайсыздығы әсер етті дейді мамандар. Құрғақшылық біздің елді де айналып өткен жоқ, бірақ соған қарамастан бидай көлемі азайса да, ішкі қажеттілікті өтеуге толық жетеді дейді ауылшаруашылық мамандары.
Асқар МАМИН, ҚР Премьер-министрі:
«Әлемдегі бидай жинау бойынша жағдай күрделі болып отыр. Өздеріңізге мәлім, ауа райының қолайсыз болуы – астық шығымының төмендеуіне ықпал етті. Қазақстанда дәнді және майлы дақылдарды жалпы жинауды 18 млн тоннаға, соның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды 16 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр»
Агроөнеркәсіпке Түркістан облысы да ден қойды. Биыл аталған салаға 30 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Бұл бағытта Ордабасы, Сарыағаш, Қазығұрт сондай ақ Бәйдібек аудандары көш бастап тұр. Одан өзге, мұнда мал басының санынан да өсім байқалады: ірі қара мен ұсақ мал – 4, жылқы – 5 пайызға артса, түйе шаруашылығы – 10 пайызға еселенген.
Нұрбек БАДЫРАҚОВ, Ауылшаруашылық басқармасының басшысы:
«Бақша, көкөніс, картоп өнімділігі артуда. Мысалы бақа дақылының өнімділігі гектарына 20 центнерден артық, 250 центнерді құрады. Көкөніс 269 центнерден картоп 197 центрнерден өнімділік орташалықты құрады. Бүгінгі таңда бақша 100 пайыз жиналды. Көкөніс 94 пайыз. Картоп 96 пайызға жиналды.
Өңірде биыл күзгі егін жинау науқаны табысты. Бүгінге дейін көкөніс пен бақша, картоп өнімдерінің 3 млн тонннасы жиналған. Жыл соңына дейін оны 3 жарым млн. тоннаға жеткізу жоспарлануда. Айта кетейік, еліміздің 6,5 млн тонна астықты экспортқа шығаруға мүмкіндігі бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазақстандық бидай мен ұн Орта Азия, Иран мен Ауғанстан нарықтарына жіберілетінін мәлімдеді.