Түркістанда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен тілдерді оқыту орталықтары оқытушылары арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауы өтуде. Байқауға еліміздің 16 өңірінен тілдерді оқыту орталықтарының қазақ тілі оқытушылары қатысып, өзара бақ сынасып жатыр деп хабарлайды Түркістан облыстық мәдениет басқармасының баспасөз қызметі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, мемлекеттік басқару тілі ретіндегі рөлін нығайту. Байқауды Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашып, тіл сайысының маңыздылығына кеңінен тоқталып, байқау қатысушыларына сәттілік тілеп, сайысты ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Жалпы байқау бес кезеңнен тұрады. Аталған кезеңнен сүрінбей өткендер ақтық сында өзара мықтыны анықтайды. Жарыс қорытындысы кешкі 18:00-де анықталып, жеңімпаздар марапатталып, оларға сый-сияпат табысталмақ.
Айта кетейік, Түркістан облысында Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудағы 2020-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Тілдерді оқыту орталықтарында 2020 жылы 4042 адам мемлекеттік тілді үйреніп шықса, оның ішінде 1071 адам өзге этнос өкілдері. Ал, 2021 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша оқыту орталықтарында жалпы саны 4653 адам тіл меңгеріп шыққан. Бүгінгі таңда, облыста мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдерінің үлесі 69,5 пайызды құрайды.