Түркістан қаласында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға қатысқан сала майталмандары климаты құрғақ Түркістанда жасыл желекті жетілдірудің аса қиындығын айта келе, өңірде атқарылған қажырлы еңбекке оң бағаларын берді. Екі жылғы еңбекті дамыту үшін өзара тәжірибе алмасып, ой бөлісті. Жасыл аймақты жетілдіру жұмысына жаңа серпін берген жиын қорытындысы бойынша Қалалардың жасыл аймағы, жасыл желектерді күтіп ұстау және дамыту перспективалары» атты қарар қабылданды.
Түркістан облысы әкімдігінің, экологтар мен халықаралық деңгейдегі сарапшылардың басын қосқан жиында Түркістан өңірінің жасыл аймағын күтіп ұстау, баптау және көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. Маңызды шарада мамандар бір ауыздан Түркістанда тек өңірдің топырақтық – климаттық жағдайына бейімделген ағаштарды отырғызу туралы тоқтамға келді.
Бүгінгі таңда жасыл аумақтың көлемін кеңейтіп, елді мекендерді көгалдандыру және олардың айналасында жасыл аймақтар құру мәселесі басымдық берілген бағыттардың бірі. Жиында қойылған міндеттерді іске асыруды ғылыми жетістіктер негізінде жүзеге асыру қажеттігі айтылды.
Бұл тұста «Ә.Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты» маңызды рөл атқармақ.
Басқосуға арнайы қатысқан Ташкент мемлекеттік аграрлық университетінің ғалымдары тәжірибе бөлісіп, ауа-райы қолайсыз аумақта ағаштарды баптаудың қыр-сырымен бөлісті.
Қазіргі уақытта Түркістан қаласының жасыл аймағында 7700 га жерге 12 млнға жуық көшет отырғызылған. Жасыл аймақ көлемі екі есе артады.