«Әділет» партиясы фракциясының депутаттық сауалы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі А.О. Қырықбаевқа жолданады.

Құрметті Арман Оразбайұлы!
Президент реформалары елдің саяси, экономикалық және қоғамдық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруды көздейді.
Алайда жаңа заңдар мен жаңғырған мемлекеттік институттардың өзі жеткіліксіз. Реформалардың орнықтылығы қоғамдағы ортақ құндылықтарға, азаматтардың заңға құрметіне, мемлекетке деген сенімі мен жеке жауапкершілігіне байланысты.
Осы уақытқа дейін біз конституциялық құндылықтарды құқықтық тұрғыдан бекітуге, қорғауға және оларға кепілдік беруге басымдық бердік. Ендігі міндет – сол құндылықтарды азаматтың санасына, мінез-құлқына және күнделікті өміріне орнықтыру. Өйткені Конституцияның қуаты оның нормаларының сақталуымен ғана емес, ондағы құндылықтардың азаматтың ішкі ұстанымына айналуымен де өлшенеді.
«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында айқындалған әділет, заңға бағыну, жауапкершілік, еңбекқорлық, прогресс және патриотизм қоғамдық қатынастардың нақты қағидаларына айналуы тиіс. «Заң және Тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» бастамаларын да бір-бірінен бөлек науқандар емес, ортақ құндылықтар жүйесінің құрамдас бөліктері ретінде қарастырған жөн.
Әлемдік тәжірибе де конституциялық мәдениеттің тек құқықтық нормалар арқылы қалыптаспайтынын көрсетеді. Германияда конституциялық құндылықтарды қорғау демократиялық құқықтық мемлекеттің маңызды негіздерінің бірі ретінде қалыптасқан. Сингапур ұлттық бірегейлік пен азаматтық жауапкершілікті ортақ құндылық ретінде білім беру жүйесі арқылы орнықтырады. Финляндия азаматтық білім, медиасауаттылық пен сыни ойлау арқылы ортақ құндылықтардың күнделікті өмірде көрініс табуына мән береді. Бұл тәжірибелерге ортақ қағида – құндылықтарды декларация немесе ұран деңгейінде қалдырмай, мемлекеттік саясат пен қоғамдық өмірдің нақты мазмұнына енгізу.
Цифрлық мемлекет жағдайында бұл мәселе жаңа мазмұнға ие болуы тиіс.
Осыған байланысты:
1. Конституциялық құндылықтарды қоғамда орнықтырудың мазмұны мен тәсілдерін жаңартып, оларды білім беру, мәдениет, БАҚ және цифрлық коммуникация салаларында іске асырудың нақты тетіктерін әзірлеуді;
2. Конституциялық құндылықтардың қоғамдық санада қаншалықты орныққанын, азаматтардың оларды қалай қабылдайтынын және күнделікті мінез-құлқында қалай көрініс табатынын тұрақты зерделейтін ғылыми-сараптамалық жүйе қалыптастыруды;
3. Конституциялық құндылықтарды ішкі саясаттың барлық бағыттарына енгізудің бірыңғай тәсілін әзірлеп, мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды жоспарлау және бағалау кезінде олардың құндылықтық мазмұны мен қоғамға ықпалын міндетті өлшем ретінде белгілеуді ұсынамын.
Депутаттық сауалға заң талаптарына сәйкес мерзімде жауап жолдауыңызды сұраймыз.

«Әділет» партиясы Фракциясының депутаттары

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *