«Кітап оқитын ұлт» атты республикалық кітап оқу марафоны басталды

Елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны басталды. Жоба — ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып, тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру және қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған. Марафон 2026 жылғы қыркүйек пен 2027 жылғы сәуір айлары аралығында өтеді. Бұл туралы өткен брифингте облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Шахмира Байжігітова мәлімдеді.

«Марафонға мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтар, отбасылық командалар, мемлекеттік қызметшілер және жалпы азаматтар қатыса алады. Жоба «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зияткер» атты 7 бағыт бойынша ұйымдастырылады. Қатысушылар арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын тізімнен 15 кітап оқуы тиіс. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енгізілген» — деді спикер.

Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі www.reading-nation.kz ресми сайтында жарияланған. Жоба аясында кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға, жастардың кітапқа қызығушылығын арттыруға және отбасылық оқу дәстүрін қалыптастыруға басымдық берілуде. Сонымен қатар, әдеби кездесулер, кітап талқылаулары, оқу марафондары, кітап көрмелері және басқа да мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *