Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ауқымды жоба Түркияның «YDA Group» компаниясының жеке бастамасы негізінде жүзеге асып жатыр.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге нысанның құрылыс алаңында болып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылады. Мердігер компания өкілдерімен кездесіп, жобаның іске асу барысын және алдағы жоспарларды талқылады.
Премьер-министрдің орынбасары нысанның стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстауды және барлық инженерлік инфрақұрылымның толық әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров болашақ аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру, сондай-ақ қажетті кадрларды алдын ала даярлау маңызды екенін айтты. Оның айтуынша, жаңа аурухана өңірге жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсететін жетекші аймақтық орталыққа айналуы тиіс. Осы мақсатта мамандарды даярлау, қызмет сапасын жақсарту және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін күшейту бағытында нақты жоспар әзірлеу қажет.
Жоба туралы ақпарат
-
Аумағы: 15,6 гектар
-
Ғимарат қабат саны: 7
-
Жалпы ауданы: 83 277 шаршы метр
-
Пайдалануға беру мерзімі: келесі жыл
-
Құрылыс дайындығы: 87% аяқталған
Көпбейінді аурухана іске қосылғаннан кейін Түркістан облысы тұрғындарына жоғары сапалы, заманауи, кешенді медициналық қызмет көрсететін ірі денсаулық сақтау орталығына айналмақ.







