Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған «Қаржылық қауіпсіздік алауы» атты аймақтық эстафетаның қорытынды шарасы өтті. Жобаның негізгі мақсаты – қоғамда қаржылық сауаттылықты арттыру, заңсыз қаржылық әрекеттерге қарсы иммунитет қалыптастыру және азаматтардың жеке деректерін қорғау мәдениетін кеңінен насихаттау.
Эстафета өңір жастарының, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтардың кең қолдауымен жүзеге асырылды. Әр ауданда қаржылық қауіпсіздік бойынша түрлі акциялар, ақпараттық кездесулер мен профилактикалық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, қатысушылар заң мен тәртіпті сақтаудың, жауапкершілік пен адалдықтың қоғам үшін маңызын атап өтті.
Жабылу рәсімінде облыс жастары қаржылық қауіпсіздіктің заманауи қоғамдағы рөліне тоқталып, цифрлық дәуірде жеке ақпаратты қорғау, онлайн алаяқтықтың алдын алу және қаржылық мәдениетті қалыптастыру әр азаматтың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін айтты. Агенттік өкілдері эстафетаның жас ұрпақты ақпараттандыруда, жауапты азаматтық ұстаным қалыптастыруда және қаржылық қылмыстарға қарсы төзімділікті күшейтуде маңызды құралға айналғанын атап өтті.
Іс-шара барысында өңір тұрғындарына қаржы саласындағы өзекті трендтер, алаяқтықтың жаңа түрлері, олардан қорғану жолдары және Агенттік пен құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан алдын алу шаралары жөнінде кең көлемді ақпарат ұсынылды. Қаржылық мәдениетті дамытуға арналған әлеуметтік бейнероликтер, оқу материалдары мен жастарға бағытталған ақпараттық өнімдер таныстырылды.
«Қаржылық қауіпсіздік алауы» эстафетасы Түркістан өңірінде азаматтардың құқықтық санасын арттыруға, жеке қаржысын және цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қорғауға деген жауапкершілікті күшейтуге бағытталған маңызды бастама ретінде өз мәресіне жетті.







