Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бүгін Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиогемен кездесті. Тараптар инвестициялық байланыстарды кеңейту, екіжақты ынтымақтастықты нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Кездесу барысында облыс басшысы Түркістанның инвестициялық мүмкіндіктері мен артықшылықтары жөнінде жан-жақты ақпарат беріп, франциялық танымал компанияларды өңірде жұмыс істеуге шақырды.
«Сізді Түркістан облысында қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық байланыстар 1992 жылдан бері тұрақты дамып келеді. Сол жылы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құрылған болатын. Бүгінде елімізде француз капиталы бар 170-ке жуық компания табысты қызмет атқаруда. Түркістан облысындағы Мойынқұм және Төртқұдық уран кен орындарын игеріп жатқан “Orano” мен “Қазатомөнеркәсіп” бірлескен KATCO кәсіпорны – осы ынтымақтастықтың жарқын мысалы. Оның жылдық өндірістік қуаты 4 мың тонна уранды құрайды.
Түркістан – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан тарихи қала. Биыл Түркістанға ерекше мәртебе берілуі туризм саласында жаңа мүмкіндіктер ашып, инвестиция тартуға мультипликативтік әсер қалыптастырады. Өңірде тарихи және мәдени нысандар, табиғи ландшафттар, сауықтыру орындары көп. Жылына 3 миллионнан астам жолаушыны қабылдайтын халықаралық әуежай жұмыс істеп тұр. Табиғи ресурстарымыз, аграрлық әлеуетіміз өте жоғары. Біздің облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша елімізде бірінші орында. Индустриалды аймақтар, арнайы экономикалық аймақ, шағын өнеркәсіптік парктер инвесторларға үлкен қолайлық жасайды. Әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге толық мүмкіндік бар. Біз Франция компанияларының жобаларын қолдап, барлық жағдайды жасауға дайынбыз», – деді Нұралхан Көшеров.
Өз кезегінде Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиоге Түркістан облысының әлеуетін жоғары бағалап, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдірді. Елшілік өкілдері өңірдің мүмкіндіктерін франциялық компанияларға таныстыратынын, тараптар ауыл шаруашылығы, туризм, білім, өндіріс және сауда салаларында бірлескен жобаларды талқылауға дайын екенін айтты. Жобаларды егжей-тегжейлі зерделеп, ақпарат алмасу жұмыстары жалғасатын болды.







