Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Turkistan Investment and Tourism Forum – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында шетелдік инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында облыс басшысы Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуеті мен ұсынылып отырған мүмкіндіктер жөнінде кең ауқымды ақпарат беріп, форумға арнайы келген инвесторларға алғысын білдірді.
Облыс әкімі өз сөзінде Түркістанның демографиялық және геоэкономикалық артықшылықтарына тоқталды. «Түркістан – еліміздегі халық тығыз орналасқан өңір. Еңбекке қабілетті тұрғындар үлесі 33,7%-ды құрайды, бұл инвесторларға тұрақты кадрлық ресурстардың жеткілікті екенін көрсетеді. Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүктің 85 пайызы өңіріміз арқылы өтетін ‘Батыс Еуропа – Батыс Қытай’ халықаралық транзиттік дәлізімен тасымалданады. Бұл бағыт әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен қатар Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы мен Сиань қаласындағы құрғақ порт транзиттік әлеуетімізді одан әрі арттырып отыр.
Қазіргі таңда облыста инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер телімдерін ұсынатын индустриалды аймақтар мен дайын ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалға беру немесе сатып алу құқығымен қамтамасыз ететін шағын өнеркәсіптік парктер жұмыс істейді. Арнайы экономикалық аймақ та инвесторлар үшін тиімді мүмкіндіктерге ие. Түркістан облысында инвестициялық ахуал өте қолайлы. Біз маңызды жобаларды жан-жақты сүйемелдеп, толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Мақсатымыз – өңірде өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа кәсіпорындар ашу», – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында облыс әкімі 20-дан астам инвестор және шетелдік компания басшыларымен келіссөз жүргізіп, олардың ұсыныстарын тыңдады.
G2B форматы бойынша өткен шараға Қытайдың бірнеше провинциясының басшылығы, делегациялары мен кәсіпкерлері қатысып, ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс бағыттары бойынша жобаларын ұсынды. Сонымен қатар күн және су электр станцияларын салу, инфрақұрылымды жаңғырту, білім саласында әріптестік орнату және бірқатар өзге де бастамалар талқыланды. Әр ұсыныс жан-жақты зерделеніп, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Түркістан облысында инвестиция тарту және өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. 2025–2028 жылдар аралығында іске асырылатын 111 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылған. Бұл жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орнын құру көзделген. Қазіргі таңда оның 34 жобасы іске қосылып, 4 889 адам жұмыспен қамтылды.
2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1 178,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. 2025 жылға белгіленген 475 млн АҚШ доллары көлеміндегі тікелей шетелдік инвестиция тарту көрсеткіші II тоқсанның қорытындысымен 543,5 млн АҚШ долларына жетіп, жоспар артығымен орындалды.







