Табиғаты көркем, экологиялық әлеуеті зор Түркістан облысы Түлкібас ауданында экотуризмді дамыту бағытында жаңа жобалар жүзеге асырыла бастады. Солардың қатарында Арыс ауылдық округінде бастау алған «ALTY KÖL» жобасы ерекше назар аударуға тұрарлық. Аталған жоба тек табиғи көріністі жандандырумен шектелмей, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін бермек. Жобаны жүзеге асырып отырған – Ғабит Пернебаев есімді жергілікті кәсіпкер. Ол өз иелігіндегі 10 гектар жердің тең жартысына алты бірдей жасанды көл салып, экологиялық және агротуризмді ұштастырған ерекше кешен құруда. Қалған 5 гектар жерге түрлі сәндік ағаштар, алма бауы, қауын-қарбыздың әртүрлі түрлері және жүгері егіп, келушілер үшін тартымды әрі танымдық орта қалыптастырған. Көлдер құрылысы аяқталысымен, кәсіпкер су айдындарына тіршілік ендіріп үлгерді. Қазіргі таңда екі көлге балық шабақтары жіберілген: біреуіне 10 мың дана хан (форель) балығы, екіншісіне бекіре тұқымдас шабақтар жіберілген. Алдағы уақытта қалған төрт көлге де түрлі балық түрлерін жіберіп, толыққанды аква шаруашылық жүйесін құру жоспарланып отыр. Бұл қадам тек экотуристік қызығушылықты арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығына жаңаша серпін беретін тың бастама болмақ. Балық шаруашылығы – ұзақмерзімді пайда көзі болумен қатар, табиғи тепе-теңдікті сақтау мен жергілікті климатты жұмсартуға да септігін тигізеді. Кәсіпкердің алдағы жоспары бұдан да ауқымды. «ALTY KÖL» жобасы аясында этноауыл, амфитеатр, шағын зообақ, демалыс үйлері, спорт алаңдары, атпен серуендеу бағыты және тағы да басқа туристік қызмет түрлерін дамыту көзделуде. Осы арқылы табиғат аясында демалғысы келетін тұрғындар мен туристерге ерекше жағдай жасалмақ.
Аймақты абаттандыру жұмыстары басталып кеткен. Кәсіпкердің айтуынша, жоба идеясы Австрия елінен алынған. Жобаның сызбасын Ресейдегі кәсіби мамандар жасаған. Бұл – әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, жергілікті табиғатпен үйлесімді туризм орталығын қалыптастыруға жасалған батыл қадам. Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев пен оның салаға жауапты орынбасары Ғани Құрманбай жобамен арнайы танысып, кәсіпкердің бастамасына сәттілік тілеп қайтты. Мемлекет тарапынан нақты қолдаулар да көрсетіліп отыр. Атап айтқанда, кәсіпкер қолға алған балық шаруашылығына қажетті жемнің 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланатын болды. Бұл шешім ауыл шаруашылығына бет бұрған кәсіпкерлерге үлкен демеу болары анық. Аудан басшылығы жобаны сүйемелдеу бойынша нақты тапсырмалар беріп, «ALTY KÖL» кешенінің уақытылы әрі сапалы жүзеге асуына мүдделілік танытып отыр. Бұл – мемлекет пен кәсіпкер арасындағы өзара тиімді серіктестіктің жарқын үлгісі. Айта кету керек, биыл Түлкібас ауданында жалпы құны 4,4 млрд теңгені құрайтын үш ірі туризм жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалар толық іске қосылған жағдайда 220 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Осылайша, өңір экономикасы мен туризм саласы қатар дамып, жергілікті тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылмақ. «ALTY KÖL» – табиғатты сақтау мен дамытуға бағытталған, ауыл туризмінің жаңа тынысын ашатын бірегей жоба. Ол Түлкібас өңірінің табиғи әлеуетін тиімді пайдаланып қана қоймай, экология, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларын біріктіре отырып дамытудың жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Мемлекеттік қолдау мен жеке бастама тоғысқанда, ел болашағы үшін осындай нәтижелі жобалар өмірге келетіні анық.