Ел Үкіметінің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі №604 қаулысына сәйкес, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының жеңілдетілген лизингтік қаржыландыруы арқылы алынған отандық көліктер заманауи талаптарға сай жабдықталған, жолаушылардың талаптарын толықтай қанағаттандыра алады. Мұздатқыш және желдеткіш жүйелерімен, ыңғайлы орындықтармен және қауіпсіздік белбеулерімен қамтамасыз етілген.
Жаңа автобустардың іске қосылуы – аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір көрінісі. Жетісай ауданы – халқы тығыз орналасқан өңірлердің бірі, сондықтан көлік инфрақұрылымының дамуы, халықтың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау – басым міндеттердің бірі болып табылады. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей оң әсер етеді.
«SAR avto» ЖШС қолға алған бұл жоба тұрғындарға қолжетімді әрі қауіпсіз жолаушы тасымалын қамтамасыз етуді көздейді. Бүгінгі таңда аудан көлемінде 10 бағыт бойынша жүретін жаңа шағын автобустар халықтың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, көлік қатынасының сапасын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Әсіресе ауылдық округтерден аудан орталығына қатынайтын тұрғындар үшін бұл – үлкен жеңілдік.
Жаңа автобустар заманауи талаптарға сай, экологиялық таза әрі отандық өндірістен шыққан. Мұндай автобустардың пайдалануға берілуі еліміздің көлік өнеркәсібінің дамып келе жатқанын және жергілікті биліктің отандық өнімге деген қолдауын көрсетеді. Сонымен қатар, бұл бастама заңсыз такси қызметтерінің алдын алуға, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға, және такси тұрақтарын жүйелеуге мүмкіндік береді.
Жаңа көліктердің барлығы арнайы техникалық байқаудан өтіп, толықтай жабдықталған. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық автобустар GPS қондырғыларымен, видеобақылау жүйелерімен жабдықталған. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін арнайы көтергіш құрылғылар қарастырылған.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, көлік қауіпсіздігі мен сапалы қызмет көрсету – әкімдік жұмысының басты басымдықтарының бірі. «Біздің міндетіміз – аудан халқы үшін қауіпсіз, қолжетімді және сапалы қоғамдық көлік қызметін қалыптастыру. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар әлі де жалғасатын болады», – деді аудан басшысы.
Айта кету керек, бұл бастама тек көлік қатынасын жақсарту емес, сонымен қатар жергілікті экономиканың дамуына да оң ықпал етпек. Жаңа автобустардың енгізілуімен қатар, жаңа жұмыс орындары ашылып, жүргізушілер мен техникалық қызметкерлер тұрақты табыс көзіне ие болуда.
Алдағы уақытта осындай автобустардың санын көбейту, қосымша бағыттарды ашу, электронды билет жүйесін енгізу сияқты бірқатар жаңашылдықтар жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде тұрғындар үшін тиімді, ыңғайлы және заманауи қоғамдық көлік жүйесін қалыптастыруға жол ашады.
Жетісай ауданы әкімдігі мен «SAR avto» ЖШС тарапынан қолға алынған бұл игі бастама – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың өмір сүру сапасын арттыру, көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру бағытындағы нақты қадамдардың бірі болып табылады.