Жаңа орталықтың басты мақсаты – медициналық қызметкерлердің тәжірибесін жетілдіру арқылы балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру. Супервизия – бұл тек білім берумен шектелмейтін, мамандар арасында жүйелі түрде кәсіби қолдау көрсетуді көздейтін модель. Бұл тәсіл қазіргі таңда дамыған елдерде кеңінен қолданылып, тәжірибе алмасу мен практикалық машықты жетілдірудің тиімді құралы ретінде мойындалған.
Түркістанда іске қосылған Супервизия үйлестіру орталығы дәл осы бағытты ұстанып, еліміздегі алғашқы кәсіби платформа ретінде жұмысын бастап отыр. Мұнда дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері түрлі клиникалық жағдайларды симуляциялық жағдайда пысықтап, балалардың денсаулығына қатысты күрделі мәселелерді топтық талдау арқылы шешуге машықтанады. Сонымен қатар, орталықта тренингтер мен шеберлік сағаттары тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады.
Орталықтың материалдық-техникалық базасы қазіргі заман талабына сай толық жабдықталған. Жоғары дәлдіктегі манекендер мен муляждар арқылы медицина мамандары өз тәжірибесін практикалық тұрғыда шыңдай алады. Интеграциялық тақта, симуляциялық құрылғылар және басқа да технологиялар оқыту сапасын арттырып, нақты клиникалық жағдайларға жақындатылған жағдайларда оқуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде балаларға көрсетілетін қызметтің сапасына тікелей әсер етеді.
Супервизия үйлестіру орталығының ерекшелігі – мұнда балалардың дамуындағы ауытқуларды ерте анықтап, кешенді араласу шараларын жүзеге асыруға басымдық берілген. Атап айтқанда, орталық даму кешеуілдеуі, сөйлеу тілінің бұзылуы, сенсорлық және эмоциялық-әлеуметтік мәселелер секілді бағыттарда интервенциялық тәсілдерді дамытуды көздейді. Осы арқылы орталық әрбір баланың әлеуетін ерте бастан анықтап, сапалы медициналық және педагогикалық қолдауды қамтамасыз етуді мақсат тұтады.
Жоба аясында орталық халықаралық тәжірибеге де сүйеніп отыр. Болашақта ЮНИСЕФ және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сияқты беделді халықаралық ұйымдармен тығыз әріптестік орнатып, бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру жоспарланған. Бұл Қазақстанда ерте араласу жүйесін одан әрі дамытуға серпін бермек.
Сондай-ақ, орталық облыстық деңгейдегі ғана емес, республикалық маңызы бар оқыту және тәжірибе тарату орталығына айналуды көздейді. Осыған орай, еліміздің басқа өңірлерінен келген медицина мамандары үшін де тұрақты оқыту бағдарламалары қарастырылып отыр. Түркістан өңірінің дәрігерлері енді тәжірибе алмасу үшін өзге қалаларға бармай-ақ, осында кәсіби білімін жетілдіре алады.
Айта кетейік, супервизия орталығының ашылуы – Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың басым бағыттары жөніндегі тапсырмаларын іске асыру жолындағы нақты қадамдардың бірі. Бұл бастама «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясындағы медицина қызметкерлерінің үздіксіз кәсіби дамуына жағдай жасау бағытымен де үндеседі.
Алдағы уақытта орталықта ата-аналарға арналған кеңес беру, дамуындағы ерекшеліктері бар балалармен жеке жұмыс, мамандандырылған оңалту бағдарламалары сынды қызмет түрлері де іске қосылмақ. Осылайша, Супервизия үйлестіру орталығы Түркістан облысы ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды кадрлық және білім беру хабы ретінде қызмет атқаратын болады.