Түркістан облысында жазғы демалыс маусымына дайындық күшейтілді. Өңірде тұрғындардың қауіпсіз әрі мәдениетті демалуына жағдай жасау мақсатында жағажай инфрақұрылымы кеңейіп келеді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2024 жылы арнайы талаптарға сай 14 шомылуға рұқсат етілген жағажай жұмыс істеді. Биыл бұл көрсеткішті арттыру көзделуде.
Облыс әкімінің тапсырмасы негізінде биыл 70-ке жуық ашық жағажай аймағын ашу жоспарланып отыр. Бұл шешім өңір тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай туғызып қана қоймай, судағы қауіпсіздікті арттыруға да оң әсер етеді. Сонымен қатар, аквапарк салу мәселесі де күн тәртібінде, бұл бағытта тиісті жобалар қаралуда.
Сала мамандарының айтуынша, облыста шомылу маусымына байланысты қауіпсіздік шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері 742 рет рейд ұйымдастырылып, су айдындарындағы тәртіп бұзушылықтар бойынша нақты шаралар қабылданған. Анықталған құқық бұзушылықтар негізінде 53 азаматқа жалпы сомасы 730 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті су айдындарында қауіпсіздікті сақтау үшін тұрғындардан белгіленбеген орындарда шомылмауды, қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстануды сұрайды. Сонымен бірге, ата-аналарға балаларын ересектердің қарауынсыз суға жібермеу туралы ескерту жасалды.
Жаңа жағажай нысандарын ашу мен бақылауды күшейту шаралары — өңірдегі туризм мен демалыс мәдениетін көтеру жолындағы маңызды қадам. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтарына қолайлы әрі қауіпсіз демалыс ұйымдастыруға бағытталады.