Жыл сайын қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тауып, озық технологияларды пайдалану арқылы өз әрекеттерін жасыруға тырысуда. Олар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді белсенді пайдаланып, өз жобаларын «инвестициялық бастама», «стартап», тіпті «жабық элиталық қоғамдастық» ретінде көрсетіп, заңсыз қаржылық схемаларды жүргізуде.
1. «Трейлер көру арқылы пайда табу» схемасы
2024 жылдың сәуір айында Алматы қаласында қаржы пирамидасының жаңа түрі анықталды. Warner Bros, Roborock және NET+TRX деп аталатын жобалар салымшыларды трейлер көру арқылы жоғары табыс табуға шақырған. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, жобалар USDT криптовалютасы арқылы жұмыс істеп, 9 деңгейлік жүйе бойынша құрылымдалған.
Салымшылар арнайы қосымшаға тіркеліп, трейлер көргені үшін және жаңа қатысушылар тартқаны үшін сыйақы алады деген уәделер берілген. Алайда іс жүзінде азаматтар салған қаражатынан айырылған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр, алдын ала дерекке сәйкес 3,8 миллион USDT көлеміндегі крипто активке тыйым салынды.
2. Криптовалюта арқылы жүргізілетін пирамидалар
Криптовалюта – көпшілік үшін әлі де түсініксіз және күрделі қаржы құралы. Бұл жағдайды алаяқтар тиімді пайдаланып, салымшыларға «жоғары табысқа жеткізетін» жаңа криптовалюталарға инвестиция құюды немесе майнинг фермаларға қатысуды ұсынады.
Мысалы, 2019–2021 жылдары Қазақстанда жұмыс істеген Finiko қаржы пирамидасы «ай сайын 20–30% пайда» уәде етіп, салымшылардан биткоин және Tether арқылы қаражат тартқан. Тергеу нәтижесінде 12 салымшы жалпы 42 млн теңгеден астам қаржысынан айырылғаны анықталды.
3. «Жасыл» жобалар атын жамылған пирамидалар
Экология мен тұрақты даму идеяларын желеу еткен кейбір алаяқтар «күн электр станциялары», «қоқыс өңдеу зауыттары», «жасыл отын өндірісі» сынды жобаларға инвестиция салуға үгіттейді. Алайда бұл ұсыныстар шын мәнінде классикалық пирамида үлгісіндегі схемалар болып табылады.
Мысалы, 2022 жылы өзін экологиялық компания ретінде таныстырған құрылым азаматтарға 3 000% жылдық пайда уәде берген. Тергеу нәтижесінде бұл схема арқылы 3 000-нан астам азамат алданып, жалпы шығын 259 млн теңгеге жеткен.
4. Жабық «инвестициялық қоғамдастықтар»
Кейбір қаржылық пирамидалар өзін «жабық инвестициялық клуб», «элиталық қоғамдастық» ретінде көрсетіп, жаңа қатысушыларды тартады. Олар жиі тренингтер, шеберлік сабақтарын өткізіп, салымшылардың санасын манипуляциялайды.
Мәселен, Көкшетау қаласында жұмыс істеген «Миллионерлер клубы» мүшелік жарна ретінде 100 000 теңге талап етіп, бір ай ішінде бірнеше есе пайда береміз деп уәде еткен. Тергеу барысында ұйым 600 млн теңге көлемінде шығын келтіріп, 3 000-нан астам азаматты алдағаны белгілі болды.
5. Букмекерлік кеңсе мен онлайн-казино түріндегі пирамидалар
Кейбір алаяқтар өз әрекеттерін букмекерлік кеңсе немесе онлайн-казино ретінде бүркемелейді. Олар клиенттерге «гарантиямен ұтыс», «серіктестік бағдарламалар» арқылы табыс табу жолын ұсынады. Іс жүзінде, бұл құрылымдар лицензиясыз жұмыс істеп, жаңадан қатысушылар тарту арқылы ғана табыс көреді.
Алматы қаласында Parimatch, Triumph, Фаворит және PROFITBetting букмекерлік кеңселерінің атауымен жұмыс істеген құрылымдар өз ішінде жасырын онлайн-казино ұйымдастырғаны анықталды.
Қаржы пирамидасынан қалай сақтануға болады?
Қаржы пирамидасының құрбаны болмау үшін келесі қауіпсіздік шараларын сақтау қажет:
-
Ұйымның заңдылығын тексеріңіз:
-
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтындағы «Жосықсыз ұйымдар тізімі».
-
Қаржы мониторингі агенттігінің сайтындағы күмәнді ұйымдар тізімі.
-
Telegram-дағы @Baiqa немесе @piramida боттары арқылы.
-
-
Кепілдендірілген жоғары табыс – алаяқтық белгісі.
-
Айына 20-30% кіріс және ешқандай тәуекел жоқ деген уәделер – қаржы пирамидасына тән сипат.
-
-
Табыс көзі нақты болуы тиіс.
-
Нағыз инвестициялық жобалар өнім өндіру немесе қызмет көрсету арқылы пайда табады. Егер табыс тек жаңа мүшелерді тартудан келсе – бұл пирамида.
-
-
Компания беделін зерттеңіз.
-
Ресми ақпарат көздерінен, БАҚ-тан және кәсіби қауымдастықтардан пікірлер мен деректерді іздеңіз.
-
-
Қауіпсіздік ережелерін ұстаныңыз:
-
Шарттарды мұқият оқыңыз;
-
Мүлікті кепілге қойып немесе несие алып инвестиция жасамаңыз;
-
Мессенджерлер мен бейресми чаттар арқылы тіркеуден сақ болыңыз;
-
Қысым мен асықтыру – алаяқтықтың белгісі.
-