Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында педагогтердің құқықтарын қорғау, мұғалімнің абырой-беделін сақтау және білім беру саласындағы артық жүктемені азайту мәселелері нақты көтерілді. Бұл – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды әрі өзекті бастама.
Ұстаздың негізгі міндеті – оқушыға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Алайда қағазбастылық, цифрлық платформаларға қайталанатын есептер енгізу және негізгі қызметіне қатысы жоқ тапсырмалар мұғалімнің уақытын алып, кәсіби жұмысына кедергі келтіреді. Сондықтан білім саласындағы кез келген реформа педагогтің жұмысын жеңілдетуге бағытталуы керек.
Сонымен қатар мектеп қабырғасында мұғалімге құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру маңызды. Оқушы мен педагог арасындағы қарым-қатынаста өзара сыйластық сақталып, туындаған даулы жағдайлар жан-жақты әрі әділ қаралуы тиіс. Мұндай кезде ұстазды негізсіз кінәлауға немесе оған қысым көрсетуге жол берілмеуі қажет. Ата-ана, оқушы және мектеп әкімшілігі де өз жауапкершілігін сезінуі керек.
Менің ойымша, педагогтердің құқықтарын қорғау тек заң талаптарын орындаумен шектелмеуі тиіс. Мұғалімнің кәсіби дербестігіне құрмет көрсету, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және оның қоғамдағы мәртебесін нығайту – білім беру жүйесінің маңызды міндеттері.
Ұстазға құрмет бар жерде білімге құрмет бар. Мұғалімнің құқығы қорғалған, еңбегі бағаланған ортада ғана сапалы білім мен саналы ұрпақ қалыптасады.