«Балаларды қорғау күніне» орай Түркістанда «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Нысанның мақсаты-туа біткен кемістігі бар, тірек-қимыл, жүйке жүйесі аурулары секілді дертке шалдыққан балаларға кешенді медициналық, әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық көмек көрсету. Мұнда олар амбулаториялық және стационарлық негізде 21 күндік оңалту курстарынан тегін өте алады.
Қамқорлық оңалту орталығы жыл сайын нейро-ортопедиялық және церебралды сал ауруымен ауыратын 600 баланы қабылдауға қауқарлы. Мұнда тек қала тұрғындары ғана емес, ауыл-аймақтан келген емделушілер де денсаулығын тегін түзей алады. Медициналық ұйымның игілігін алғашқылардың бірі болып көріп жатқандардың бірі Динара Мақсұтова. Осыған дейін қызын емдету үшін Нұр-Сұлтан, Шымкентке сандалған ол жүгінің жеңілдегенін айтады.
Динара Мақсұтова, (емделушінің анасы):
- Емделіп жатқанымызға 2 апта болды. Денсаулығымзда оң өзгерістер бар. Қарастырылған жағдайлар да ұнайды.
Осы жылдың ақпан айынан қызмет көрсете бастаған орталық қалалық балалар ауруханасының жанынан ашылған. Жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 58 млн, қажетті құрал жабдыққа 183 млн теңге бөлініпті.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:
- Баршаңызды балаларды қорғау күнімен құттықтаймын. Адам өміріндегі ең үлкен әрі маңызды мәселе – балаларының денсаулығы, болашағы, олардың бақытты болуы.
Аумағы 700 шаршы метр орталықта тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, эрготерапия, бальнеотерапия, интерактивті, емдік дене шынықтыру, ойын бөлмелері бар. Сондай-ақ механотерапия, логопед, дефектолог, психолог мамандар қабылдайтын арнайы кабинеттер ел игілігіне тапсырылды.
Әбдішүкір Егізбаев, Түркістан қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері:
- Қазіргі таңда мұнда 1-14 жас аралығындағы жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларға көмек көрсетіліп жатыр.
«Қамқорлық» әлеуметтік жобасының аясында осы сынды орталықтар Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстарында және Нұр Сұлтан қаласында да ашылған. Айта кетерлігі, елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 170 мыңға жуық бала бар.