Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдай бойынша мәлімдеме жасады,-деп хабарлайды TurkistanZaman ақпараттық порталы Tengrinews.kz тілшісіне сілтеме жасай отырып.
Президентіміз Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткізген болатын. Бұл туралы Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.
«Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткіздім. АИР-дағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда», — деп жазды Тоқаев Twitter-де.
Сыртқы істер министрілігінің елшісі Әлімхан Есенгелдиев 14 тамызда Кабулда жұмыс жасап жүргенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Кабулда өте аз қызметкерлер қалған.
Еске сала кетейік, Ауғанстанда үкіметтік күштер мен «Талибан» қозғалысының содырлары арасында қақтығыс жүріп жатыр. Соңғы уақыт аралығында олар ірі қалаларға шабуыл жасап, айтарлықтай көп аумақты иеленген болатын. Эскалация жұмыстары Ауғанстан жерінен АҚШ пен олардың НАТО-дағы одақтастары әскерін шығарғаннан кейін басталды.
Айта кетейік, «Талибан» қозғалысына Қазақстанда тыйым салынған.