Төлем мүгедектік себебіне қарамастан, І топтағы барлық мүгедекке күтім жасайтын адамға төленеді. Жәрдемақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,40 есесін – 48 023 теңгені құрайды. Бұл туралы брифингте Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Хадиша Мақұлбаева мәлімдеді.
Жалпы өңірде бүгінгі таңда 647 063 әлеуметтік төлем алушы бар. Оның ішінде, I топтағы мүгедекке күтім жасайтын адам саны – 2 263, мүгедек балалар саны – 14 517. Ал, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылар саны – 18 360 адам.
«Отбасында екі және одан да көп І топтағы мүгедек тұратын жағдайда, соларға күтім жасайтын адамға әр мүгедекке бөлек-бөлек жәрдемақы төленеді. Ал бірінші топтағы мүгедекке күтімді бірнеше адам жүзеге асырған жағдайда, жәрдемақы азаматтардың біреуіне ғана тағайындалады. Сондай-ақ І топтағы мүгедек пен күтім жасайтын адам бір елді мекенде тұруы қажет. Құжатты рәсімдеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет үйіне» өтініш берсе, төлем сол күннен бастап тағайындалады», – деді Хадиша Тілләбайқызы.
Сонымен қатар, бүгінде елімізде зейнетақы жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілген. Соның бірі – әйелдердің зейнет жасын ұлғайту. Департамент басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жанат Жамахованың айтуынша, бұл өзгерісті жүзеге асыру үшін 2018-2027 жылдар аралығында 10 жыл ішінде әйелдердің зейнеткерлік жасы кезең-кезеңімен 63 жасқа дейін жеткізілмек.
Биыл қазақстандық әйелдер 60 жаста зейнетке шығатын болса, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл көрсеткіш 60 жас 6 айға тең болады. Департамент мамандары 1961 жылдың екінші жартысында дүниеге келген әйелдерге ағымдағы жылдың соңына дейін зейнетақы тағайындау үшін өтініш беріп үлгеру керектігін еске салады. Тиісті құжаттар рәсімделмеген жағдайда зейнетке шығу құқығы тағы алты айға кейінге шегеріліп, 60 жас 6 айдан асқанда ғана мүмкіндік туады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі