Еліміз Тәуелсіздік алған жылы туған нәрестелерге Елбасының есімін қою жаппай сәнге айналды. Әсіресе, 1991 жылы дүниеге келгендердің көбі Тұңғыш Президентпен аттас. Олардың алды 1998 жылдан бастап мектеп табалдырығын аттады. Тәуелсіздік төл құрдастарына қалам ұстатқан ұстаздардың алды зейнетте. Көбі – ұстаздық жолында сый құрметке ие.
Ақбаян Тілеубекованың бұл – алғашқы шәкірттері. Бүгінде отызға кеп, орда бұзардай болып тұрған осы азаматтарға, кезінде, дәл осы сыныпта әліппе ұстатып, әріп үйреткен. 1998 жыл. №31 Абай атындағы мектеп-интернатының, 1 ші «ә» сыныбы осы. Ол кезде Ақбаян ұстаз 18 дегі жас бойжеткен еді.
Бір қызығы бұл сыныпта бес Нұрсұлтан қатар оқыған. Әрқайсысы бір төбе дейді ұстазы. Аттас балалардың қызықтары да өз алдына, олардың қылықтары ұлағатты ұстаздың әлі есінде.
Ақбаян Тілеубекова, педагог:
«Осы мектептің табалдырығын аттаған күннен бастап іс-әрекеттері есімде. Сыныпқа ең алғаш келгенімде 28 оқушы болды: 14 қыз, 14 ұл бала. Сыныпта бес Нұрсұлтан болды. Тәуелсіздік құрдастары. «Нұрсұлтан», – десем, бесеуі бірдей дүркіреп орындарынан тұрушы еді».
Сол бес Нұрсұлтанның бірі – Нұрсұлтан Қошқаров, бұл кездесуді асыға күтсе керек. Ол өзінің Елбасымен аттас болғанын мақтан етеді.
Нұрсұлтан Қошқар, Тәуелсіздіктің құрдасы:
«Мектеп қабырғасында онша сезіле қоймайтын, енді үлкен өмірге қадам басқаннан кейін Нұрсұлтан есімі кәдімгідей ойға салмақ салып, жауапкершілік артты. Маңызды шешімдерге келген кезде әйтеуір атымыз абырой әперген кездер де болған. Есімім Нұрсұлтан болғандықтан ба, жүрген жерімде мысым басып тұрады. Барлық салада есімім маған кәдімгідей жігер береді».
Ақбаян Орынбасарқызы әлі де білім беру саласынан қол үзген жоқ. Бірақ бұрынғыдай бастауыш сыныптарға емес, бүгінде жоғары сыныптарға биология пәнінен дәріс береді. 1990 жылдардың ортасында тұрмыс құрып, Бәйдібек ауданына көшіп кеткен. Бірақ ұстаздық жолын бастаған алтын ұя – осы бір мектеп… 1991 жылғы шәкірттері мен бес бірдей Нұрсұлтаны – көңілге ыстық боп қала бермек.