Бас санитарлық дәрігер қаулысына сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдар мен білім беру орталықтарының қызметкерлері вакцина салдыруы тиіс
Балабақшаға баратын балалардың ата-анасында Ashyq қосымшасында “көк” немесе “жасыл” статус болса жеткілікті. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ведомство хабарлауынша, Бас санитарлық дәрігер қаулысына сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдар, оқу-өндірістік комбинаттар, білім беру орталықтарының қызметкерлері вакцина салдыруға міндетті. Бұл соңғы үш айда коронавируспен ауырған және медициналық тұрғыдан вакцина алуға болмайтындарға қатысты емес.
“Қаулыда мектепке дейінгі ұйымдарға баратын бүлдіршіндердің ата-анасын вакцина алуға міндеттеу туралы жазылмаған”, – деді комитетте.
Ата-аналарда Ashyq қосымшасында “көк” немесе “жасыл” статус болса жеткілікті. Ал балалар ешбір шектеусіз балабақшаға бара алады.