Көлдің жалпы ауданы – 81,0 га, сыйымдылығы – 2,3 млн.м3, арналардың жалпы ұзындығы – 6,1 шақырым.
Шаға көлінің негізгі мақсаты – Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығын көктемгі су тасқынынан қорғау.
2023 жылы қатты жауын-шашынның нәтижесінде Түркістан қаласы жанындағы бірқатар елді мекендерді су алып кеткен болатын.
Ал 2023 жылдың ақпан айында Сауран ауданы аумағындағы су тасқыны кезінде Шаға көлі өзінің негізгі функциясын орындап, 2,5 млн текше метр су жинап, Түркістанның «Жаңа қала» аумағын су тасқынынан сақтап қалды.
Жасанды көлде жиналған су «Ескек есу» каналын толтыру, саябақтарды суару, қаланы көгалдандыру, вегетациялық маусымда егістікті суару үшін қолданылады.
Шаға көлі жобасын толық жүзеге асыру үшін барлығы 6,6 млрд теңге жұмсалып, 2 млрд. теңгеден астам қаржы қысқартылған. Яғни, БАҚ пен әлеуметтік желілерде жағажай құрылысына жұмсалған қаржы туралы қауесеттер – жалған ақпарат болып табылады.
Нақты айтсақ, Шаға көлі құрылысына (бөгет салуға, каналдар құрылысына, көлдің түбін тереңдетуге, жағалауды нығайтуға, көлге қызмет көрсету инфрақұрылымына, жол және т.б.) 5,7 млрд. теңге жұмсалған. Нәтижесінде, Шаға көлі Түркістан қаласы мен Сауран ауданында тасқын су кезінде болатын қауіптің алдын алуға жағдай жасап отыр.
Жоба шеңберінде көлді тиімді пайдалау мақсатында туристік орын – жағажай ретінде нысанға инфрақұрылым тартуға, автоматтандырылған суару жүйесі, ұңғыма, кәріз құбырлары мен қажетті қызмет көрсету ғимараттарын (әкімшілік ғимараты, бақылау-өткізу пункті, 2 жуыну ғимараты, 3 әжетхана) салу үшін 900 млн. теңге қаражат жұмсалған.
2023 жылы Шаға көлінде жүргізілген құрылыс жұмыстарының сапасы бойынша кемшіліктер анықталып, құзырлы органдарға тиісті ұсыныстар берілді.
Аталған нысанда Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тарапынан зерделеу, сараптау жұмыстары жүргізіліп, жасанды көл мен рекреациялық аймақтың жұмысы біраз уақыт тоқтап тұрды.
Жуырда жасанды көл аймағында тиісті жұмыстар басталып, ретке келтірілді.
Бүгінде су деңгейі төмендеген уақытта жағалауды тазалау, ескі құрылымдарды жою, қоқыстарды шығару және экологиялық тазалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Осы жұмыстардың нәтижесінде көл жағалауы тазарып, қауіпсіз әрі қолайлы демалыс аймағын қалыптастыруға мүмкіндік туды. Қазірдің өзінде жағалау ретке келтіріліп, болашақ туристерге қолайлы инфрақұрылымның іргесі қалана бастады.
Тағы бір айта кетер мәлімет, аталған аумақтағы жобаны толық жүзеге асырып, туристік аймаққа айналдыру үшін «Open Turkistan» мекемесі мен «Gold Fish City Turkistan» ЖШС арасында 2025 жылғы 5 қыркүйек күні келісімшарт жасалды. Осыған сәйкес, инвестор жағажай аймағын дамыту, туристік қызметтерді көрсету, спорттық және ойын сауық нысандарын салу, сондай-ақ қонақүй және мейрамхана инфрақұрылымын салу бойынша жұмыс жүргізеді. Бұл жұмыстар қазан айының ортасында басталады.
Жалпы, шетелдік инвестор тарапынан 5 млн АҚШ доллар инвестиция салынады деп күтіліп отыр.
Жобаның негізгі мақсаты – Шаға көлін тек демалыс орны емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналдыру.
Жобаның іске асуы нәтижесінде Түркістан өңірінде жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылады. Жергілікті халық қызмет көрсету, құрылыс, логистика, қоғамдық тамақтану және басқа да салаларда еңбек ету мүмкіндігіне ие болады. Кәсіпкерлік дамиды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі