Түркістан облысында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келе жатқан «Үлгілі ауыл» жобасы биыл да жалғасын табуда. Аталған жоба ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, инфрақұрылымды жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен комиссия отырысы өткізілді.
Комиссия отырысында Ертай Кенжебекұлы байқаудың ауылдық аумақтардың дамуына қосатын үлесін атап өтті. «“Үлгілі ауыл” байқауы – ауылдардың өркендеуіне нақты серпін беретін маңызды жоба. Байқауға қатысу – ауыл әкімдері үшін үлкен мүмкіндік. Себебі жеңімпаз ауылға бір әлеуметтік нысан салынады. Сондықтан әрбір ауыл әкімдігі белсенді болып, тұрғындарды жұмылдыра отырып, өз елді мекенін дамытуға мүдделі болуы тиіс», – деді ол.
Байқау екі кезеңнен тұрады: бірінші кезең сәуір–тамыз айлары аралығында аудан деңгейінде өтсе, екінші кезең қыркүйек–қараша айларында облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Биыл 16 аудан мен қаладан барлығы 85 ауыл қатысып, олардың ішінен әр өңірден біреуден – 16 ауыл облыстық кезеңге жолдама алды. Ауылдар тиісті материалдарын комиссия қарауына ұсынды. Арнайы құрылған қоғам белсенділері мен қоғамдық ұйым өкілдерінен тұратын жұмысшы топ барлық ауылдарды аралап, жеңімпазды анықтайды.
Өткен жылы Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылы бас жүлдені жеңіп алған болатын. Жеңіс нәтижесінде 2,83 гектар жер телімі бөлініп, ауылда заманауи спорт кешенінің құрылысы басталды. Нысанның құрылысын желтоқсан айында аяқтап, тұрғындардың пайдалануына беру жоспарланып отыр. Биылғы байқау ережесіне сәйкес, облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша 4 жүлделі орын белгіленеді.







