Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді.
Түркістан қаласының маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеу саласын қолдау мақсатында 100 гектар аумақты қамтитын «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 152 ғимарат салу және 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда жобаның бірінші кезеңінде 40 ғимараттың құрылысы аяқталып, 32 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 1 220 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың тиімділігі артып, бюджеттен бөлінген әр 1 теңгеге 8,5 теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды.
Әкімнің айтуынша, өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару жүйелері, сусын, мұздатқыш жабдықтары және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар ашылды. Отандық өндірісті дамыту есебінен 27 млрд теңге көлеміндегі импорттық тауарларды тиімді алмастыруға мүмкіндік туды. Алдағы кезеңде бейнекамера, медициналық жиһаз, тұрмыстық химия өнімдерін өндіру арқылы ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыру көзделуде. Облыстың барлық аудан, қала және халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде шағын өндірістік алаңдар құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы қолға алынған шаралар нәтижесінде Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылды. Онда 30 млрд теңгеге 115 жобаны жүзеге асырып, 1 124 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Ордабасы ауданында 10,5 гектарды қамтитын «Темірлан» өндірістік алаңында 10,4 млрд теңгелік жобалар аясында 5 ғимарат салынуда. Бұл жерде 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалардың жоғары мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, бұл тәжірибе барлық аудан мен қалада енгізілуде.
Қазіргі таңда облыс бойынша жалпы саны 21 шағын өндірістік алаң құрылып жатыр. Негізгі өндірістік бағыттар ретінде құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке бұйымдары, химия өнімдері мен жеңіл өнеркәсіп салалары айқындалған. Бүгінде 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізіліп, келесі жылы толық аяқтап, іске қосу жоспарланып отыр.






