Түркістан қаласында өтетін «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың ірі компанияларының өкілдерімен кезекті кездесуді өткізді. Шетелдік инвесторларға өңірдің экономикалық әлеуеті, өндірістік мүмкіндіктері және қолайлы инвестициялық ортасы кеңінен таныстырылды.
Кездесуде облыс әкімі Түркістанның өңірлік және халықаралық деңгейдегі стратегиялық орналасуын атап өтті.
«Интеграция мен экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мақсатында өндіріс саласына шетелдік компаниялардың қатысу үлесін арттыруды көздеп отырмыз. Түркістан облысы – Орталық Азияны Қытай, Ресей және Еуропамен байланыстыратын маңызды транзиттік торап. Индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда жаңа өндірістер ашуға барлық жағдай жасалған», – деді Нұралхан Көшеров.
Инвесторлар тарапынан күн және су электр станцияларын салу, көлік-логистика, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, туризм салалары бойынша нақты ұсыныстар түсті. Бірқатар компаниялар дайын жобаларға қаржы құюға ниетті екенін білдірді. Сонымен қатар өңірде жүзеге асып жатқан кейбір жобалардың инфрақұрылымға қатысты мәселелері талқыланып, оларды шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Түркістан облысында инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу басым бағыттардың бірі болып табылады. 2025–2028 жылдарға арналған 111 инвестициялық жоба пулы жасақталған. Жобалар толық іске асқанда 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, олардың нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Қазіргі таңда 34 жоба іске қосылып, 4 889 адам жұмыспен қамтылды.
2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1 178,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Ал 2025 жылға белгіленген 475 млн АҚШ доллары көлеміндегі тікелей шетелдік инвестиция индикаторының II тоқсан қорытындысымен 543,5 млн АҚШ долларына жетіп, жоспар артығымен орындалғаны атап өтілді.







