Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров хабарлады.
Әкімнің айтуынша, Мемлекет басшысы жасыл экономика мен баламалы энергия көздерін дамытудың стратегиялық маңызын атап өткен. Қазіргі уақытта өңір қажетті электр энергиясының 75 пайызын сырттан тасымалдауға мәжбүр. Осы мәселені шешу үшін облыста бірқатар ірі энергетикалық жобалар іске асырылып жатыр. Сонымен қатар күн, су және жел қуатын өндіретін станциялар санын арттыру бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілген.
Өңірдегі негізгі жобалардың бірі – «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын бу-газ станциясының құрылысы. Құны 800 млрд теңгені құрайтын бұл нысанның құрылысы басталып, келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Кентау қаласында қуаттылығы 240 МВт болатын газ турбина станциясы салынады. Жоба құны – 155 млрд теңге. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер мен келісімшарт бекіту жұмыстары аяқталып, құрылыс жұмыстарын екі жыл ішінде толық аяқтау көзделуде.
Энергетика саласындағы келесі ірі жобалардың қатарында Түлкібас ауданында қуаттылығы 320 МВт болатын бу-газ станциясы және Сауран ауданында қуаттылығы 485 МВт болатын екі күн электр станциясы бар. Бұл нысандарды іске асыру мерзімі 2025–2027 жылдарға жоспарланған. Сонымен қатар Бәйдібек ауданында қуаттылығы 350 МВт болатын жел электр станциясы бойынша құжаттар әзірленуде. Оның құрылысын 2026–2028 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Аталған инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде облыс экономикасына жалпы 1,8 трлн теңге инвестиция тартылады және 2,4 ГВт көлемінде жаңа электр қуаты өндіріледі. Бұл Түркістан облысының жаңа өндірістерді ашу және экономиканы дамыту үшін қажетті энергиямен толық қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.






