Түркістан облысында биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Алдын ала есеп бойынша, 10 ай ішінде өндірілген жалпы өнім көлемі 4 387,8 млрд теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,8% деңгейінде орын алды. Осы көрсеткішпен облыс республикада екінші орында тұр.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді.
Облыс әкімі атап өткендей, өнеркәсіп өнім көлемі 1 256,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 113,4% құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 593,2 млрд теңге өнім өндіріліп, өсім 111,2% деңгейінде қалыптасып, жоспар толық орындалды.
– Біздің басты мақсатымыз – Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмаларына сәйкес Түркістан облысын экономикасы дамыған өңірге айналдыру. Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және терең өңдеу салаларына басымдық беріп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.
Өңірде тау-кен өнімдері көлемі 574,6 млрд теңге болып, өсім 115,1% деңгейінде орындалды. Ауыл шаруашылығында 1 086,9 млрд теңге өнім өндіріліп, өсім қарқыны 101,7% болды. Оның ішінде мал шаруашылығы – 353,5 млрд теңге, өсімдік шаруашылығы – 728,0 млрд теңге.
Облыс экономикасына 1 178,4 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 124,2% деңгейінде жүзеге асты. Сауда көлемі 688,4 млрд теңге болып, өсім 148,3% құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 450,6 млрд теңге деңгейінде орындалып, өсім 128,6% болды. Есепті кезеңде 931,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 110,2% деңгейінде тіркелді.
Көлік және қоймалау қызметінің жалпы көлемі 445,2 млрд теңгеге жетіп, 124,8% өсімге ие болса, байланыс қызметінің көлемі 9,8 млрд теңге болды.
Республика бойынша көпбалалы отбасылардың төрттен бірі Түркістан облысында тұрады. Жүйелі жұмыстар нәтижесінде соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарды, кедейлік деңгейі 4,4%-ға төмендеді. Биылғы 10 айда 122 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6% болып тіркелді. Бұл көрсеткіш өңір экономикасының тұрақты даму қарқынын дәлелдейді.






