Түркістан облысы прокурорының орынбасары Тлемисов Дәулет Бекбашұлы жұмыс сапарымен Шардара ауданына келіп, аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Жиынның негізгі мақсаты – өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби жауапкершілігін арттыру мәселелерін талқылау болды.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, аудан прокуроры Алмас Әлі, аудандық полиция бөлімінің бастығы Шералы Әділханұлы, сондай-ақ аудандық дербес бөлімдердің басшылары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар өңірдегі қоғамдық тәртіптің жай-күйін, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады.
Жиын барысында Дәулет Бекбашұлы қоғамдағы тұрақтылықтың сақталуы әрбір мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі мен кәсібилігіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Ол соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікте түрлі арандатушылық сипаттағы материалдар мен жалған ақпараттардың таралуы қоғамда түсінбеушілік пен сенімсіздік туғызуы мүмкін екенін ескертті. Прокурор бұл бағытта барлық мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтіп, кез келген даулы жағдайдың алдын алу және оны заң аясында шешудің тиімді жолдарын ұсынды.
Сонымен қатар, жиында ауданда орын алып отырған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге де тоқталып өтілді. Әсіресе, ауыз су, ағын су және кәріз жүйелерінің жай-күйі мен олардың сапасын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды. Бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты бақылауда екені айтылды. Тұрғындардың өмір сапасын арттыру, ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамту – аудан әкімдігі мен тиісті мекемелердің негізгі міндеттерінің бірі екені атап өтілді.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, әлімжеттік, суицид және зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары ерекше назарға алынды. Аудандық білім бөлімі мен ішкі істер органдарына осы бағыттағы жұмысты күшейту тапсырылды. Жастармен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу, отбасылық құндылықтарды насихаттау, мектептер мен колледждерде профилактикалық кездесулер ұйымдастырудың қажеттілігі айтылды.
Дәулет Бекбашұлы өз сөзінде соңғы уақытта мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне қатысты бопсалау, қорқыту және беделін түсіруге бағытталған заңсыз әрекеттердің жиілеп кеткенін атап өтті. Мұндай жағдайлар мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылыққа да қауіп төндіретінін жеткізді. Сондықтан, бұл мәселелерге бейжай қарамау, тиісті органдардың жедел әрекет етуі және қызметкерлердің өз құқықтарын қорғауда белсенді болуы қажет екенін айтты.
Ол сондай-ақ, билік пен халық арасындағы өзара сенімді нығайту – мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Халықпен ашық диалог орнату, өтініштер мен ұсыныстарды уақтылы қарау, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу – бұл қоғамның тұрақтылығына, елдің дамуына негіз болатынын ерекше атап өтті.
Кездесу барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тәртібі мен қызметтік әдеп нормаларын сақтау, тұрғындармен мәдениетті қарым-қатынас орнату, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол сондай-ақ, ауданда құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түрлі профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып жатқанын айтты.
Аудан прокуроры Алмас Әлі өз сөзінде прокуратура тарапынан аудан көлемінде заңдылықтың сақталуына тұрақты бақылау жүргізіліп отырғанын және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, әрбір мемлекеттік қызметкер өзінің лауазымдық өкілеттігін адал атқарған жағдайда ғана қоғамда әділдік пен сенім қалыптасады.
Жиын соңында қатысушылар аудан аумағында құқықтық тәртіпті нығайту, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру және қоғамда сенім атмосферасын қалыптастыру мақсатында бірлескен іс-қимыл жоспарын пысықтады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік пен жауапкершілік таныту, ақпараттық кеңістіктегі кез келген жалған мәліметке сындарлы әрі құқықтық тұрғыдан жауап беру қажеттігі ескертілді.
Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдеріне нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалу барысы жеке бақылауында болатынын айтты. Ол қоғамдағы тұрақтылықты сақтау – тек құқық қорғау құрылымдарының ғана емес, барша мемлекеттік қызметшілердің ортақ міндеті екенін атап өтіп, әрбір мемлекеттік қызметші өз ісінде заңдылық пен әділдікті басты ұстаным етуі тиіс деді.
Кездесу соңында қатысушылар Дәулет Бекбашұлына аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мен қоғамдық тәртіпті нығайту бағытындағы ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде облыс прокурорының орынбасары бұл мәселелердің назардан тыс қалмайтынын, тиісті шаралар қабылданатынын айтты.
Мұндай кездесулер өңірлерде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Оның басты мақсаты – жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты күшейту, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ашықтық пен есептілікті арттыру, сондай-ақ халықтың мемлекеттік билікке деген сенімін нығайту.
Жалпы, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық – әр азаматтың бейбіт өмір сүруінің кепілі. Осы ретте, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі мен адалдығы, халық алдындағы жауапкершілігі және заңға деген құрметі ел дамуының басты қозғаушы күші болып қала бермек.







