Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының диқандары 2025 жылғы жиын-терім маусымына белсенді түрде кірісті. Биылғы егіннің жай-күйі мен орақ жұмыстарының барысымен аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы танысты. Атап айтқанда, әкім Қ.Әбдәлиев ауыл округіндегі ірі ауыл шаруашылық құрылымдарының бірі – «Үшбастау» өндірістік кооперативіне барып, алтын күздің алғашқы нәтижелерін көзбен көрді.
Қазіргі уақытта өңірдегі комбайндар қызу еңбек үстінде. Астық жинау науқаны қарқын алған. «Үшбастау» ӨК-нің мәліметінше, егіс алқаптарынан 1 гектардан орта есеппен 25 центнер астық алу жоспарланып отыр. Бұл – аудандағы орташа өнім көлемінен жоғары көрсеткіш. Жалпы, биылғы ауа райының қолайлығы мен диқандардың тынымсыз еңбегі есебінен аудан бойынша жақсы өнім алынады деген үміт бар.
Қазығұрт ауданы – аграрлық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Ауданда ауыл шаруашылығына арналған жер көлемі – 275,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде:
-
100,9 мың гектары – егістік жер,
-
133,6 мың гектар – жайылым,
-
30,9 мың гектар – шабындық,
-
13,5 мың гектар – суармалы алқаптар.
Биылғы көктемде 100,9 мың гектар егістік жердің 94 мың гектары тиімді игеріліп, әртүрлі ауыл шаруашылық дақылдары егілді. Атап айтқанда:
-
43,9 мың гектарға – бидай,
-
6,4 мың гектарға – арпа,
-
8 025 гектарға – мақсары,
-
33,6 мың гектарға – жоңышқа, жүгері, көкөніс, бақша өнімдері және басқа да дақылдар отырғызылған.
Аудан диқандары көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен атқарды. Бұл бағытта мемлекет тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, шаруаларға 5 448 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлініп, толықтай қамтамасыз етілді. Бұл жанармай орақ жұмыстары кезінде де тиімді пайдаланылып жатыр. Сонымен қатар, «Ырыс» микроқаржылық ұйымы арқылы 30 шаруа қожалығы 364 млн теңге көлемінде 5% мөлшерлемемен несие алып, көктемгі науқанға қажетті техника мен тұқым сатып алды.
Қазығұрт ауданының ауыл шаруашылығы саласы жылдан-жылға жаңарып, дамып келеді. Шаруалар заманауи техникаларды игеріп, егістік алқаптарда жаңа агротехнологияларды қолдана бастады. Бұл өз кезегінде өнім көлемін арттыруға сеп болуда. Мәселен, биылғы бидай мен арпа өнімділігі өткен жылдармен салыстырғанда жоғары болмақ.
Аудан басшылығы ауыл еңбеккерлеріне тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов жиын-терім науқаны кезінде дала еңбеккерлерінің жұмысына оң баға беріп, еңбекшілерге алғысын білдірді. Ол ауыл шаруашылығын дамыту – аудан экономикасының негізі екенін атап өтті.
Алдағы уақытта өңірде суармалы жер көлемін ұлғайту, тұқым сапасын жақсарту және ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеуге басымдық беру көзделуде. Бұл қадамдар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетін де арттыратыны сөзсіз.
Қорыта айтқанда, Қазығұрт ауданының биылғы егін ору науқаны жемісті өтуде. Диқандар тынымсыз еңбек етіп, елдің ырысын теруде. Ауыл шаруашылығына жасалып отырған мемлекеттік қолдау мен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысы – берекелі еңбек пен мол өнімнің кепілі.