Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытының ашылу рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы қатысушыларды құттықтап, бұл оқиғаның еліміздің машина жасау саласын дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы екі жыл бұрын Қостанайға сапары кезінде KIA Sportage автокөлігінің өндірісі іске қосылғанын еске салды. Бүгін сол бастаманың жалғасы ретінде Kia Motors Corporation компаниясымен жасалған келісім нәтижесінде жаңа зауыт ашылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев KIA Corporation президенті Хо-сунг Сонгқа және компания ұжымына шынайы ризашылығын білдіріп, атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде өзара тиімді серіктестік нығайғанын айтты.
– Бұл айтулы оқиға Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын көрінісі. Корея Республикасы – еліміздің Азиядағы сенімді әріптесі. Біз ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Қазір Қазақстанда Кореяның 800-ден астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Автокөлік жасау саласы – екі елдің өзара тиімді ықпалдастығының нақты мысалы. KIA корпорациясы – әлемдегі ең ірі 10 автокөлік өндірушінің бірі және қазақстандықтар ең көп таңдайтын үш брендтің қатарында, – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы KIA брендінің атауы «көтеріліп келе жатқан» және «Азия» деген екі иероглифтен құралатынын, бұл компанияның Азияның жаңа экономикалық өрлеуінің символына айналғанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, KIA – келешектің корпорациясы, оның өнімдерінде озық технология, заманауи дизайн және жоғары сенімділік үйлесім тапқан.
Толығырақ: akorda.kz






