Келес ауданының орталығы – Абай ауылында «Қазақтелеком» АҚ тарапынан байланыс инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ескірген бағаналар ауыстырылып, ауылішілік байланыс желілері толықтай жаңартылуда. Бұл жоба интернет жылдамдығын бірнеше есеге арттырып, өңірдің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуді мақсат етеді.
Қазіргі таңда Абай ауылындағы интернет жылдамдығы орта есеппен 8 Мбит/с болса, жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш 500 Мбит/с-қа дейін жетеді деп күтілуде. Бүгінде ауылда 1 550 абонент бар, ал жоба толық іске асқанда 5 мыңға дейін абонент қосуға мүмкіндік тумақ. Жаңғырту «Қазақтелеком» АҚ-ның инвестициялық жобасы аясында жүзеге асуда. Жоспар бойынша жұмыстар 2026 жылдың бірінші жартысында толық аяқталады.
Жоба барлық қолданыстағы жүйелерді кезең-кезеңімен жаңартуды қамтиды. Оның ішінде мемлекеттік мекемелер, әлеуметтік нысандар және тұрғын үйлердегі интернет желісі де жаңартылмақ. Бұл ауылдағы маңызды инфрақұрылым нысандарының сапалы байланысқа тең қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, биыл аудандағы 40 елді мекенді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы басталды. Оптикалық желінің құрылысы келесі жылы толық аяқталып, аудан аумағындағы барлық әлеуметтік нысандар сапалы интернетке қосылады.
Мамандардың айтуынша, жаңа желілердің іске қосылуы мобильді интернет пен ұялы байланыс сапасын да айтарлықтай жақсартады. Бұл өз кезегінде ауданның цифрлық инфрақұрылымын нығайтып, мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, білім беру процесін жетілдіру және кәсіпкерлікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.







