Интернет-сауданың жылдам дамуы, ыңғайлылығы мен қолжетімділігімен қатар, интернет-алаяқтықтың да қарқынды өсуіне себеп болуда. Алаяқтар заманауи технологиялар мен психологиялық әдістерді пайдаланып, азаматтардың жеке деректері мен ақшалай қаражатына қол жеткізу үшін түрлі схемаларды іске асырады. Мұндай қылмыстардың салдары тек қаржылық емес, моральдық тұрғыдан да ауыр болуы мүмкін. Сондықтан әрбір интернет пайдаланушы алаяқтықтың негізгі түрлерін біліп, олардан қалай қорғану қажет екенін түсінуі тиіс.
Интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері
1. Керемет жеңілдіктер және “тек бүгін” ұсыныстары
Алаяқтар жаңа техника немесе танымал бренд өнімдерін нарықтағы орташа бағадан әлдеқайда төмен бағада ұсыну арқылы сенімділік тудырады. Әдетте, мұндай ұсыныстар шектеулі уақытпен байланыстырылады («тек бүгін», «соңғы 1 дана»), тұтынушыны асығыстықпен шешім қабылдауға итермелейді. Бұл кезде сатып алушы жалған сайтқа кіріп, өзінің банк картасының деректерін енгізеді. Нәтижесінде тауар келмейді, ал картадан қаражат шешіліп алынады.
2. Сауда платформасының ішінде жасалатын алаяқтық
Алаяқтар өздерін курьер, жеткізу қызметінің өкілі немесе сатып алушы ретінде таныстырып, шотқа ақша аударуға немесе SMS арқылы келген кодты жіберуді сұрайды. Бұл код арқылы олар жәбірленушінің шотына немесе жеке кабинетінен толықтай бақылауға ие бола алады. Сонымен қатар, алаяқтар сауда платформасының комиссиясын айналып өту мақсатында мессенджерлерге көшуге үгіттеп, “тікелей төлем” жасауды сұрайды, кейін байланыс үзеді.
3. Жалған техникалық қолдау қызметі
Алаяқтар жәбірленушіге қате транзакция немесе шот бұзылды деген сылтаумен хабарласып, жедел әрекет ету қажеттілігін білдіреді. Олардан келген хабарламаларда күмәнді сілтемелер болады немесе бір реттік кодты талап етеді. Бұл әрекеттердің мақсаты — шотқа рұқсатсыз қол жеткізу немесе пайдаланушының құрылғысын бұғаттау.
4. Шоттарды бұзу және фишинг хаттар
Жалған пошта хабарламалары Ozon, Wildberries, Kaspi сияқты танымал маркетплейстердің атынан келеді. Бұл хаттарда “сіздің картаңыз мақұлданды”, “жеңілдікті карта алыңыз”, “шотыңызды растаңыз” сынды сілтемелер беріледі. Пайдаланушы сілтемеге өтсе, өз мәліметтерін өз қолымен енгізіп, алаяқтарға қол жеткізуге жол ашады.
5. Жалған жұмыс ұсыныстары
Маркетплейс немесе онлайн дүкендердің атынан келетін жұмыс ұсыныстары жиі алаяқтыққа айналады. Жәбірленушіден тек тіркелу, код жіберу немесе “жұмысты бастау үшін” кішігірім жарна төлеу сұралады. Артынша алаяқтар хабарсыз кетеді.
6. Apple құрылғылары арқылы жасалатын схемалар
Apple өнімдері арқылы алаяқтар құрылғыны “тексеру қажет” деген сылтаумен сатып алушыдан Apple ID енгізуді сұрайды. Енгізілген сәттен бастап құрылғыны бұғаттап, пайдаланушыдан оны қайта ашу үшін ақы талап етеді.
Жалған интернет-дүкенді қалай тануға болады?
Алаяқ интернет-дүкендер шынайы дүкендерден кейде ажырату қиын болуы мүмкін. Алайда келесі көрсеткіштер алаяқтықтың белгілері болуы ықтимал:
1. Тауар бағасының шындыққа жанаспайтындығы
Егер нарықтағы орташа баға 850 000 теңге болса, ал белгілі бір дүкен бұл өнімді 500 000 теңгеге ұсынса – бұл күмән тудыруы тиіс. Мұндай ұсыныстар шындыққа сәйкес келмейді.
2. Пікірлер мен шолулар
Егер сайтта тек оң пікірлер болса немесе бір күнде бірдей мазмұндағы ондаған пікір жазылса – бұл боттар болуы мүмкін. Сенімді дүкендерде пікірлер әртүрлі, соның ішінде сын айтатындары да кездеседі, және дүкен оларды жауапсыз қалдырмайды.
3. Заңды тұлғаны тексеру
Сатушының атауын ҚР Әділет министрлігінің немесе басқа ашық дереккөздердің сайттарында тексеріңіз. Әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттардың бар-жоғына да назар аударыңыз. Ресми беті жоқ, кері байланыс нөмірі жоқ сатушы – қауіпті белгі.
Өзіңізді және жақындарыңызды интернет-алаяқтардан қалай қорғауға болады?
✅ Ешқашан жеке деректеріңізді (ЖСН, карта деректері, CVV-код, бір реттік SMS-код) үшінші тұлғаларға бермеңіз.
✅ Тексерілмеген сайттар мен сілтемелерге кірмеңіз.
✅ Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз.
✅ Құпиясөздеріңізді жиі өзгертіп, күрделі нұсқаларын пайдаланыңыз.
✅ Пошта мен SMS арқылы келетін күмәнді хабарламаларды елемеңіз, оларда көрсетілген сілтемелерге өтпеңіз.
✅ Егер интернет-дүкенге сенімсіздік болса — іздеуді тоқтатыңыз немесе жақын адамнан көмек сұраңыз.
✅ Браузерде қауіпсіздік кеңейтімдерін қолданыңыз (мысалы, фишингке қарсы).
Қорытынды
Цифрлық кеңістікте қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігі. Алаяқтар күн сайын өз тәсілдерін жетілдіріп, жасанды интеллект пен технологияны пайдалана отырып, жаңа схемалар ойлап табуда. Сондықтан интернет-дүкендерден сауда жасағанда сақтық пен мұқияттылық таныту өте маңызды. Ақпаратты тексеріңіз, күмәнді сайттардан аулақ болыңыз және өзгелермен де бұл біліммен бөлісіңіз – сіздің қаржылық қауіпсіздігіңіз осыған байланысты.