Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді.
Жыл басынан бері облыстың өнеркәсіп саласында 10 айда жалпы құны 107 млрд теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылып, 2 443 жаңа жұмыс орны ашылды. Іске қосылған ірі жобалардың қатарында:
-
Созақ ауданында табиғи уран өңдеу кешені («Катко» ЖШС, құны – 35 млрд тг, 300 жұмыс орны);
-
Отырар ауданында 2 мақта өңдеу зауыты («Kazakhstan Lihua» ЖШС, құны – 21 млрд тг, 960 жұмыс орны);
-
Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі түсті сусын шығаратын зауыт («Beibars Bottlers» ЖШС, құны – 9 млрд тг, 96 жұмыс орны);
-
Сайрам ауданында заманауи ет комбинаты («KazEcoMeat» ЖШС, құны – 8,5 млрд тг, 150 жұмыс орны);
-
Ордабасы ауданында алюминий бұйымдарын өндіретін кәсіпорын («Central Asia Aluminium» ЖШС, құны – 8 млрд тг, 150 жұмыс орны).
Жыл соңына дейін құны 103,5 млрд теңгені құрайтын қосымша 8 өнеркәсіп жобасын іске қосу жоспарланып отыр.
Әкім өз сөзінде Президент Жолдауында жүктелген міндеттердің бірі – Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты нығайту екенін атап өтті. Осы мақсатта Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды. Орталық кеден бекетімен қатар заманауи қоймалар мен өндірістік нысандарды біріктіретін ірі логистикалық хаб ретінде қызмет атқарады.
Қазір орталықта 7 инвестор жобаларды жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр. Соның нәтижесінде өңірге 185 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 175 жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Сонымен бірге бюджетке 355 млн теңге көлемінде қосымша салық түсімі жоспарланған. Қазіргі уақытта 8 өндірістік ғимарат пен ішкі инфрақұрылым құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Нысанды келесі жылы іске қосу көзделуде.
Индустриалды аймақтарды дамыту, жаңа инвесторлар тарту, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандырудың нәтижесінде 10 айда облыстың өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн теңгеге жетіп, өсім 113,4 пайызды құрады.






