
– Тұрғын үй бойынша жоспарланған құрылысты сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырамын. Жұмысты кешеуілдеткен аудан, қала әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарларына тиісті шара көріледі. Тұрғын үй мәселесі өте өзекті екенін білесіздер. Сондықтан алдын ала инфрақұрылым, жер мәселесін, баспананы үйлестіру жұмыстарын жүйелеу керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың айтуынша, тұрғын үй құрылысының жоспарына жету үшін жалпы бюджеттен 31,3 млрд. теңге қаралған. Оның ішінде кредиттік тұрғын үйдің құрылысына 13,8 млрд. теңге, арендалық үйлердің құрылысына 2,0 млрд теңге, арендалық үйлерді сатып алуға 15,5 млрд. теңге қаралған.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласының Әкімшілік-іскерлік орталығындағы 29 тұрғын үйдің (2078 пәтер) 4-еуі (160 пәтер) пайдалануға тапсырылды. Қалған 25 үйдің құрылыс жұмыстары 85 пайызға орындалған, биыл тамыз айына дейін кезең-кезеңмен пайдалануға беру көзделіп отыр. Кентау қаласындағы 5 қабатты 1 тұрғын үй, яғни, 60 пәтердің құрылыс-монтаждау жұмыстары 95 пайызға орындалған, маусым айында пайдалануға беріледі. Облыста 8 арендалық тұрғын үйдің (380 пәтер, 23,7 мың ш.м.) құрылысы іске асырылуда.
Биыл республика бойынша 5139 арендалық пәтер сатып алу жоспарланған. Оның ішінде, кезектегі азаматтардың үлесіне сәйкес, Түркістан облысына 578 пәтерге қаржы қаралған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі