Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, жаңа мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт нысандарын салуға ерекше назар аударылды. Президент барлық өңірдегі инфрақұрылымдық қажеттіліктерді жан-жақты зерттеп, халыққа қажетті нысандарды жоспарлы түрде салу міндетін қойды.
Бұл бастаманың Түркістан облысы үшін маңызы ерекше. Халық санының өсуі, жаңа тұрғын алаптардың қалыптасуы және ауылдық елді мекендердің дамуы әлеуметтік нысандарға деген сұранысты арттырып отыр.
Әсіресе, шалғай ауылдардағы медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, оқушы орындарының тапшылығын болдырмау, спорттық және мәдени нысандарды көбейту маңызды. Мұндай жобалар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етеді.
Жолдауда ұсынылған «Халықтық құрылыс» бастамасының тиімділігі әрбір нысанның нақты қажеттілікке сай салынуымен және сапалы пайдалануға берілуімен бағалануы тиіс. Құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы және нысандардың уақытылы аяқталуы да назардан тыс қалмауы қажет.
Менің пайымдауымша, өңірдің шынайы дамуы ең алдымен тұрғындардың күнделікті өміріндегі оң өзгерістерден көрінеді.
Әр ауылда қолжетімді мектеп, сапалы медициналық қызмет және заманауи әлеуметтік нысандар болуы – халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды шарты.