Су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану – Қазақстанның, әсіресе оңтүстік өңірлердің маңызды міндеттерінің бірі. Президент Жолдауындағы инфрақұрылымды дамыту мен ресурстарды тиімді пайдалану бағыттары Түркістан облысы үшін де өзекті.
Өңірде су мәселесін шешуге бағытталған ірі жобалар қолға алынуда. Соның бірі – Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал және Жетісай аудандарын қамтитын топтық су құбыры жобасы.
Жоба аясында қуаты 72 МВт болатын су электр станцияларының каскадын салу көзделген. Нәтижесінде аталған бес аудандағы 1 миллионнан астам тұрғынды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Сонымен бірге мақта-тоқыма кластері аясында тамшылатып суару технологияларын енгізу қарастырылған. Бұл ауыл шаруашылығында суды үнемдеп, өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Меніңше, су саясатының нәтижесі жаңа инфрақұрылым салумен ғана емес, әрбір текше метр судың тиімді пайдаланылуымен бағалануы қажет.
Суды үнемдеу – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың да мүддесі.