Түркістан қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жасөспірімдер арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға Түркістан облысының прокуроры Бауыржан Мырзакеров, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, мәдениет және қоғам қайраткерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен спорт саласының өкілдері қатысты. Жарысқа 200-ге жуық жас спортшы қатысып, өзара бақ сынауда.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дене шынықтыру мен спортты дамытуға, бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға және жас ұрпақтың салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ өңірде осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, жасөспірімдер спортының маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінгі футбол бәсекесі жас спортшыларымыздың футболға деген қызығушылығын арттырып, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жаңа серпін береді деп сенемін. Баршаңызға мықты денсаулық, толағай табыс және жарқын жеңістер тілеймін! – деді Ертай Кенжебекұлы.
Айта кетсек, биыл Түркістан облысында жалпы құны 11,3 млрд. теңгеге 58 спорт нысанының құрылысы қолға алынды. Бүгінде 5,4 млрд. теңгеге 31 нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде Түркістан қаласындағы заманауи атшабар кешені мен Бекзат Саттарханов атындағы футбол академиясы бар. Жыл соңына дейін «Баянауыл» шағын ауданында спорт кешені мен 7 балалар ойын алаңшасын ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Түркістан облысында 3 595 спорт нысаны бар. Оның 86 пайызы ауылдық елді мекендерде орналасқан.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі