Құрметті Арман Оразбайұлы!
Құрметті Жұлдыз Досбергенқызы!
Халық қолдап-қуаттаған жаңа Конституциямызда мәдениет, білім, ғылым, инновация құндылығы айрықша жазылғаны мәлім.
Бүгінде ғылым мен инновация – жаңару мен ел сапасының маңызды тетігі.
Ата заңдағы құндылық пен басымдық енді өміріміздің мәніне, өзегіне айналуға тиіс. Әсіресе, ғылым мен инновацияның негізі мектепте жүйелі оқытылып, үзіліссіз жалғасуы шарт.
Өкінішке қарай, бүгінгі жасөспірімдер мен жастардың біршама бөлігі қайбір біліксіз блогер мен кереғар коучке еліктейтіні, тіпті көп тер төкпей-ақ мол қаржы табуға сенетіні байқалады. Бұл – дана Абай сынаған «бес дұшпан істің» жолы.
Еліміз «Әділет!» деп жаңарғанда, бұрынғы-кейінгі тоғышарлыққа, орынсыз еліктеп-солықтауға жол жоқ!
Президент айтқан озық ойлы ұлт жауапты, алғыр оқушыдан, сол ұл-қызға екі есе жауапты ата-ана мен мұғалімнің маңдай терінен қалыптасады.
Рас, кәсіптің жаманы жоқ. Алайда дәл қазір елімізге инженерлік-технологиялық ой, ізденіс, өнертабыс ауадай қажет. Иә, рухани жетілу ұмытылмайды. Тереңірек қарасақ, Тәуелсіздік мұратының өзі – мәдени қазына, адастырмас темірқазық.
Бүгін ХХ ғасырдың бас ширегіндегі инженер Мұхамеджан Тынышбайұлы, медик-биолог Халел Досмұхамедұлы, математик Ибадулла Ақбергенұлы, кеңес кезеңіндегі академиктер – инженер Қаныш Сәтбаев, энергетик Шапық Шөкин, молекуляр-биолог Мұрат Айтқожин, қазақ қыздарынан шыққан алғашқы академиктер – геолог Патшайым Тәжібаева, тұңғыш техника ғылымдарының докторы , маркшейдер Жамал Қаңлыбаева, заманымыздың біртуар академиктері – антрополог Оразақ Ысмағұлов, математик Мұхтарбай Өтелбай, генетик Рахметқажы Берсімбай сынды жүздеген тұлғаларды оқушыға да, студентке де үлгі ете білу – борышымыз. Гендік, медициналық инженерия, STEM мамандықтарының бастауы өз дәстүрімізде тұр.
Қоғамға пайда әкелетін ақыл-ой мен білім-білік қорын «адам капиталы» дейміз. Бізде ол болған және бола да береді. Тек ыждағат пен жүйелі іс үзілмегені жөн.
Сол үшін еліміздің ақыл-ой қорына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлғаларды білім жүйесінің бар сатысында үлгі-өнеге еткен абзал. Мемлекетшіл тұлғатанудың мәні де, мақсаты да осында.
Сіздерге мынаны ұсынамыз:
1) Ғалым, инженер, өнертапқыш т.б. интеллектуал тұлғалардың қоғамдық беделін, бейнесін жас буынға ұғындыратын жоба әзірленсе.
2) Ғылымға, технологияға елеулі үлес қосқан бұрынғы-кейінгі тұлғаларды ақпарат құралдарында, цифрлық платформаларда үзбей кең насихаттау жолға қойылса.
3) Инженерлік-техникалық, жаратылыстану мамандықтарына талантты жастарды тарту мен баулудың тиімді бағдарламалары жасалса.
4) Орта білім жүйесінің, соның ішінде келешек мектептері мен Оқушылар сарайларының жұмыс нәтижесіне (КРІ) инженерлік-техникалық, жаратылыстану мамандықтарына қатысты конструкторлық алаңдар мен үйірмелердің табысы жеке көрсеткіш болып енсе.
Депутаттық сауалға заңнамада көзделген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймын.
«Әділет» партиясы
фракциясының мүшесі, депутат Дихан Қамзабекұлы