Сот қылмыстың ауырлығы бойынша қай санатқа жататындығын, қылмыстың қайталануын және оның түрлерін, қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезеңін, сотталушының қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезіндегі қатысу дәрежесін, қылмыстық құқық бұзушылықтың мақсатына жету үшін оның әрекеттерінің маңызын және келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиянның сипаты мен мөлшеріне ықпалын, сол қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазаға қарағанда неғұрлым жеңіл жаза тағайындау негіздерін де ескереді. Қылмыстық кодексте жеке адамға, отбасы және кәмелетке толмағандарға, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттің конституциялық құрылысына және қауіпсіздігіне, меншікке, қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы және т.б. қылмыстық құқық бұзушылықтар көзделген, яғни сотпен жаза тағайындау барысында жасалған қылмыстың түрлеріне де назар аударылады. Сотпен қылмыстық топтардың құрамында қылмыстық құқық бұзушылықты, сыбайлас жемқорлыққа қатысты, террористік, экстремистік қылмыстарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылған және түзелу жолына түсуді қаламайтын бұрын сотталған адамдар үшін заңмен көзделген қатаң жазалау шараларын тағайындау міндетті түрде талқыланады. Қазақстан Республикасы Конституциясының барлық адам заң мен сот алдында тең, ешкім де заңды күшіне енген сот үкімі болмай қылмыс жасауда кінәлі деп танылуға жатпайды және қылмыстық жазаға тартыла алмайды деген ережелерін негізге ала отырып, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығына, сотталушының қызметтегі және қоғамдағы дәрежесіне қарамастан, әрбір қылмыстық істі заңға сәйкес бұлжытпай шешуі қажет екендігіне соттардың назары аударылсын. Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 52-бабында көрсетілген жаза тағайындаудың жалпы қағидаларын бұлжытпай сақталады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасалғаннан кейін міндетті түрде қылмыстық жауаптылықтың туындайтыны және заңда көзделгендей оған қандай да бір жаза тағайындалатыны анық. Жаза тек сотпен қылмыс жасап, кінәлі деп танылған тұлғаға ғана тағайындалады. Жаза тағайындау – сот процесінің ең жауапты кезеңі. Заң бойынша сот ешқашан үлгілік немесе бірсарынды шешім қабылдамауы тиіс. Әрбір іс бойынша жаза жеке дара тағайындалады. Бұл ретте сот мынадай маңызды факторларды ескереді: Қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесі: Қылмыстың қалай жасалғаны, қандай зардаптарға әкелгені бағаланады. Кінәлінің жеке басы: Оның өткен өмірі, мінездемесі, жасы, денсаулық жағдайы және отбасылық міндеттері (мысалы, асырауында кішкентай балаларының болуы). Жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар: Қылмысты өз еркімен мойындау, тергеуге көмектесу, шығынды өтеу, қылмыстың алғаш рет жасалуы. Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар: Қылмыстың қайталануы (рецидив), топ болып қастандық жасау, аса қатыгездік таныту немесе төтенше жағдай кезінде заң бұзу. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің ақпараттық жүйесінде соттылық туралы мәліметтер мәңгілік сақталады. Сол себепті қылмыс жасау азаматтың болашағына кедергі келтіреді. Оның жасаған әрекеті өмірінің барлық кезеңінде кесірін тигізуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының
Құқықтық статистика және
арнайы есепке алу жөніндегі
комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті
#Заң_мен_Тәртіп #Закон_и_Порядок